Фото: Ақмола облысының әкімдігі
Қосшы қаласының 2038 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Бұл маңызды құжат қаланың кешенді дамуын қамтамасыз етіп, оның әлеуметтік, экономикалық және инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Todayinfo.
Бас жоспар елді мекеннің тұрғын үй құрылысын кеңейту, көлік жүйесін дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, экологиялық тұрақтылықты сақтау сияқты стратегиялық мақсаттарын айқындайды.
«Халық санының өсуі болжам бойынша 2038 жылы – 150 мың адамды құрауы тиіс. Cол себепті, 2038 жылға қарай – 4,5 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу жоспарланған. Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін бас жоспар аясында мынадай әлеуметтік нысандар, яғни 31 балабақша (13,5 мың орын), 16 мектеп (23,8 мың орын), облыстық аурухана (900 төсек-орын) және 7 емхана, көпфункционалды мәдени орталықтар, кітапханалар, театрлар салу көзделген», — деп хабарлады Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, қоғамдық демалыс орындары назардан тыс қалған жоқ. Саябақтар, гүлзарлар мен жағалау аймақтары да бас жоспарға еңгізілген. Қосшы қаласының көлік жүйесін жетілдіру мақсатында жаңа магистральдар мен жол өткелдері салу, қоғамдық көлікті дамыту жоспары қарастырылған.
«Инженерлік инфрақұрылыға келер болсақ, су құбыры желілерін 186 км-ден 249 км-ге дейін кеңейту көзделген. Кәріз желісі 122 км-ден 164,5 км-ге дейін ұлғайтылады. Электр қуатын тұтыну 155 МВт-тан 258 МВт-қа дейін артады. «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры арқылы Қосшы қаласы толық газбен жабдықталады.
Өнеркәсіптік және кәсіпкерлікті дамытуда жіті назарда болады. Қосшы қаласының экологиялық тұрақтылығы және көгалдандыру басты міндеттердің бірі. Бас жоспарда экологиялық тұрақтылықты сақтау ерекше назарға алынған», — делінген хабарламада.
Бас жоспарды жүзеге асыру үшін 2025-2030 жылдары 1,15 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қосшы қаласының 2038 жылға дейінгі бас жоспары – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, халықтың өмір сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған стратегиялық жоба.
Жобаның сәтті жүзеге асуы Қосшыны Астанаға серіктес заманауи қалаға айналдыруға мүмкіндік береді.