Фото: abai.kz
Экономист Айбар Олжаев теңге бағамының құбылуына қатысты пікір білдіріп, ұлттық валютаның қазіргі жағдайын нарықтық процесс деп атады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
«Доллар бағамының өсуі — қалыпты нарықтық құбылыс.
Қыркүйек айында теңге 549 теңгеге дейін әлсіреді, бұл — бар болғаны 1,9 пайыз. Паника тудыратындай жағдай жоқ», — деді сарапшы.
Оның айтуынша, теңге — ТМД аумағындағы толық конверттелетін, ашық валюта, ал көрші елдердің ақшалары жасанды түрде ұсталып отыр.
«Біздің теңге — нарықтық валюта. Ал Қырғызстанның сомы мен Әзірбайжанның манаты жабық валюталар. Сондықтан олардың “тұрақтылығы” шынайы емес», — деп түсіндірді Олжаев.
Сарапшы теңге бағамын ешкім қолдан реттемейтінін айтты.
«Қазір курс Қазақстан қор биржасында — KASE алаңында қалыптасады. Күн сайын 200-220 миллион доллар көлемінде сауда өтеді. Бағамды сол нарық анықтайды», — деді экономист.
Оның сөзінше, импорт пен экспорт көлемі де теңге бағамына тікелей әсер етеді.
«Импорт көп болса — доллар қажет болады, теңге әлсірейді. Экспорт артса — керісінше, теңге нығаяды. Бұл — нарықтың қарапайым заңы», — деп қосты Олжаев.
Маман Ұлттық банктің міндеті теңгені “ұстап тұру” емес, инфляцияны бақылау екенін атап өтті.
«Ұлттық банк енді курсқа араласпайды. Оның негізгі мақсаты — бағаның тұрақтылығын сақтау. Тек ерекше жағдайда ғана интервенция жасайды», — деді сарапшы.
Ол өткен жылдардағы тәжірибені еске салып, теңгені қолдан ұстаудың салдары ауыр болғанын айтты.
«Бұрын саяси науқан кезінде теңге жасанды түрде ұсталып келді. Бірақ ол елге шамамен 20 миллиард доллар шығын әкелді. Мұндай саясат енді қайталанбауы керек», — деп ескертті экономист.
Айбар Олжаев теңгенің әлсіреуіне бірнеше фактор әсер ететінін де атап өтті.
«Мұнай бағасының төмендеуі, рубльдің әлсіреуі, импорттың артуы және халықтың доллар сатып алу үрдісі — бәрі де әсер етеді», — деді ол.
Сонымен қатар, экономист теңге ең қиын кезеңнен өткенін, қазір оның нарықтық валюта ретінде қалыптасқанын айтты.
«Теңге толыққанды нарықтық валютаға айналды. Ол ең ауыр сынақтан өтті. Енді бастысы — оған сенім арттырып, ішкі өндірісті күшейту», — деп қорытындылады Олжаев.
Сарапшының айтуынша, доллар 600 теңгеге жетеді деген сценарий биыл мүмкін емес.
«Мұнай бағасы күрт құламай, экономика тепе-теңдігін сақтаса, теңге өз деңгейінде тұрақтайды. Теңгеге сенім керек — сонда ол өз әлеуетін көрсетеді», — деді Айбар Олжаев.