Жетісу облысының Көксу ауданында аймаққа жұмыс істеуге келген мамандарға, негізінен дәрігерлер мен мұғалімдерге көп пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл үй облыс әкімінің тапсырмасымен кадр тапшылығын шешу мақсатында салынған болатын. Өңір басшысы Бейбіт Исабаев жұмыс сапары барысында ауданға келген мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларының нәтижесімен танысып, жақында пайдалануға берілген 20 пәтерлі тұрғын үйді аралап көрді, деп хабарлайды Todayinfo Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап өтсек, Балпық би ауылындағы жаңа 20 пәтерлі жалдамалы үйдің пәтер кілттері кеше ғана табысталған болатын. Қоныстанушылардың қатарында 15 дәрігер, 4 мұғалім және бір полицей бар. Соңғы үш жылда ауданға түрлі сала бойынша 55 дәрігер келген. Оларға қажетті жағдай жасалып отыр, атап айтқанда 10 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беріліп, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында қолдау көрсетілуде. Жалпы қоныстанушылар отбасы құрамына қарай бір, екі және үш бөлмелі пәтерлерге ие болды.
Атқарылған жұмыстардың сапасымен, аумақтың абаттандырылу жайымен танысқан Бейбіт Исабаев бұл үйдің ауданға қажетті мамандарға арналып салынғанын атап өтті:
– Осы үйді салу туралы шешім қабылданғанымызда, ауданға бір жылдың ішінде бірден 20-ға жуық дәрігер келген еді. Сондықтан дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін оларға қолайлы жағдай жасау қажет болды. Тұрғын үйге мұқтаж дәрігерлер, мұғалімдер, полиция қызметкері енді осы үйден қызметтік пәтер алды. Бұл шағын ауданның болашағы зор. Қазір мұнда жеке тұрғын үйлер салынып жатыр, сонымен қатар тағы көп қабатты 7-8 үй салуға мүмкіндік бар. Соған байланысты шағын ауданда абаттандыру жұмыстары да жүргізіледі. Ең алдымен, жасыл желектерді тұрақты суару үшін автоматты суару жүйесін орнату керек, – деді облыс әкімі.

Көксу аудандық ауруханасының невропатологы Нұргүл Бухарова былай дейді:
– Мен Көксу ауданында туып-өстім, Алматыда оқып, еңбек жолымды сол қалада бастадым. Бірнеше жыл дәрігер болып жұмыс істегеннен кейін туған жеріме оралдым, бұған еш өкінбеймін. Мұндағы басты мәселем – тұрғын үй мәселесі де шешілді. Бұл біздің өңірдегі дәрігерлердің мәртебесін айқындай түсті деп білемін, — деді.
Көксу аудандық полиция бөлімінің табиғатты қорғау тобының инспекторы Еламан Дәулетовтың отбасы да жаңа пәтерге ие болғандардың бірі. Ол бұл қызметте 2018 жылдан бері еңбек етіп келеді.
– Менің лауазымым тұрғын үй жалдау ақысына өтемақы төленетін қызметке тізімге кірмейді. Сондықтан пәтерді өз қаражатыммен жалдап келдім, және тұрғын үй кезегінде тұрдым. Жұбайым — мектеп-гимназияда мұғалім. Үш баламыз бар. Әрине, ауданға қажетті мамандарға арналған үйден пәтер берілуі – біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш. Мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын көріп жатқанымызға ризамыз, – деді ол.
Педагог Мөлдір Жеңіс те қуанышын іріккен жоқ:
– Көксу ауданындағы Б. Құндақбаева атындағы №1 орта мектепте 2018 жылдан бері ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Еңбек өтілім – 12 жыл. Бұрын Талдықорғанда жұмыс істедім, кейін ауыл мектебінде еңбек етуді жөн көрдім. Өзім көп балалы анамын. Енді сол үлкен отбасымыздың өз баспанасы болғанына бәріміз қуандық, — деді ол.
Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, бұл үйдің құрылысы биылғы жылдың сәуір айында басталған.
– Үй салумен қатар, біз инженерлік коммуникацияларды тартып, айналасындағы аумақты абаттандырдық. Ғимаратта 10 үш бөлмелі, 5 екі бөлмелі және 5 бір бөлмелі пәтер бар, – деді «Жаркент Алғыр» құрылыс компаниясының директоры Жалғас Алтынбеков.
Жалпы Көксу ауданы тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2022–2024 жылдары 175 үй пайдалануға берілді, ал биыл тағы 110 отбасы қоныс той қуанышына кенелді, соның нәтижесінде тұрғын үй кезегі 5,8%-ға қысқарады деп күтілуде. Еске салсақ, биылғы жылдың 24 мамырынан бастап тұрғын үйге кезекке қою және баспана беру функциялары жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы банкке» берілді.
Фото: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев