Филология ғылымдарының докторы, профессор, «Түркі әлемінің үздік педагогы», «Қазақстанның құрметті азаматы» Сейдулла Садықов «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Түркістанда 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі аталып өтті. Онда облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажырлы еңбек сіңірген ардагерлерді марапаттап, мерекемен құттықтады.
Сейдулла Садықов кім?
Сейдулла Садықов — кәсіби журналист, ғалым, ұстаз. Түркістан облысы мен Түркістан қаласының үздік насихатшысы.
Сейдулла Садықов 1951 жылы 27 қыркүйекте Жетісай (бұрынғы Киров) ауданы, Қызылқұм ауылында дүниеге келген. 1968 жылы осы ауылдағы бұрынғы В.И.Ленин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін аудандық «Коммунистік еңбек» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасады. 1970-72 жылдар аралығында Кеңес армиясы сапында әскери борышын өтеп келген сарбаз Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Аталмыш жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған жас маман жолдамамен Алматы облыстық «Жетісу» газетіне жіберіледі. Мұнда ол жауапты хатшының орынбасары, меншікті тілші, арнаулы тілші қызметтерін атқарады.
Садықовтың ғылыми еңбектері
Ол 1987 жылы өзі оқыған университеттің журналистика факультетіне конкурстық негізде аға оқытушы болып қабылданып, деканның тәрбие істері жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтерілді.
Сейдулла Садықов 1992 жылы 26 маусымда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің диссертациялық кеңесінде журналистика мамандығы бойынша «Аграрные преобразования в Казахстане и печать» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 1994 жылы 11 шілдеде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінен арнайы шақыртумен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне ауысып келіп, жаңадан ашылған журналистика кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Ал, 2003-2005 жылдар аралығында докторантурада (аға ғылыми қызметкер) оқыды. Қазір аталмыш оқу орнында журналистика кафедрасының профессоры.
Докторлық диссертацияны 2012 жылғы 29 наурызда «Освещение вопросов национальной идентификации и национальной идентичности в печатной пресс Казахстана (историко-филологические и методологичские аспекты)» деген тақырыпта журналистика мамандығы бойынша Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің арнайы мамандандырылған докторлық диссертациялық кеңесінде сәтті қорғап шықты.
Сөйтіп, ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен 2018 жылдың 16 наурызында Өзбекстан Республикасындағы жоғарғы аттестациялық комиссиясының шешімімен берілген филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғап, профессор атанды.
2012 жылғы «ЖОО-ның үздік оқытушысы», Бірінші Назарбаев оқулары, «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» халықаралық форумына қатысушы.
2013 жылы өткен Қазақстан филологтары I съезінің делегаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығы мен халықаралық «Түркістан» газетінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық шығармашылық байқаулардың жүлдегері. Түркістан қаласының «Жыл адамы», Н.Төреқұлов, М.Шоқай және Түркістанға сіңірген еңбегі үшін медальдарының иегері. 2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Назарбаевтың сенімді өкілі, 2019 жылы Президенттікке кандидат Қ.Ж.Тоқаевтың сенімді өкілі болды. «Nur Otan» партиясының, сондай-ақ университет ардагерлер кеңесі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұйымының мүшесі.
Ұстаз, ғалым, журналист С.Садықовтың шығармашылығы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі тақырыбы – Қазақстан халықтарының ынтымағы мен бірлігі, жергілікті халықтың идентификациялануы, ұлттық бәсекелестікке қабілеттілігі мен бірегейлікке ұмтылысы, Тәуелсіз Қазақ елінің өркендеу жолы, жарқын болашағы, ұлтымыздың көкейкесті өзекті мәселелеріне арналды.
Сейдулла ағаның ғылыми еңбектерінің саны 120-ға жуықтайды. Оның ішінде журналистика және публицистика проблемалары бойынша 1 оқулық, 4 оқу құралы, 5 монографиясы, 4 оқу-әдістемелік құралы баспадан шықты. Елімізде 70 ғылыми-зерттеу мақаласы, шетелдік басылымдарда 30-дан астам, 8 Scоpus базасында 7 жарияланымы жарық көрді. Халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен халықаралық түркология конгрестерінде 20-дан астам баяндама жасады.
Автордың ғылыми мақалалары АҚШ, Қытай, Нидерланды, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қырғызстан елдерінің басылымдарында жарияланған. «Казахи. Вопросы идентификации и идентичности и печать Казахстана» деген көлемі 26 баспа табақ монографиясы Германияның академиялық баспасында, «Тюркская филология: вопросы языка и литературы» атты қосалқы авторлық халықаралық жинағы Бакуде, «Освещение вопросов национальной идентичности в казахстанской публицистике» деген монографиясы Ташкентте басылған. Сондай-ақ, «Қазақ журналистикасы: ұлттық бірегейлік мәселелері» атты оқулығы, «Ұлттық рух жаршысы», «Қоғам және журналист» деген монографиялары да әріптестері тарапынан жоғары баға алған. «Публицистің шығармашылық шеберханасы», «Қазақ елі: Тәуелсіздік публицистикасы», «Журналист жолға шықты», «Қазақ журналистикасы: ұлттық идея» атты оқу құралдары да ғылым әлемін бей-жай қалдырған жоқ. Ғалымның монографияларын, оқулықтары мен оқу құралдарын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Қорқыт ата мемлекеттік университетінің, тағы басқа бірқатар жоғары оқу орындарының журналистика факультеттері мен бөлімдерінің студенттері оқып жүр.
Ғалым-журналист Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев жөнінде жазған «Ұлы Дала генераторы» атты ғылыми-публицистикалық кітабы үшін кезінде Президент Кеңсесінің бастығы М.Қасымбековтің қолынан Елбасының Алғыс хатын алды. Бұл кітап Тұңғыш Президент кітапханасына қойылған.
Түркістандық өзге де ел ағалары мен ардагерлер марапатталды
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды рухани шаһардағы жаңадан бой көтерген «Достық үйі» ғимаратында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажырлы еңбек сіңірген ардагерлермен кездесіп, еліміздің дамуына, мәдениеті мен экономикасына үлкен үлес қосқан, халқымыздың игілігі үшін аянбай еңбек еткен ел ағаларын марапаттады.
Кездесуде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «Түркістан облысының Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, «Қоғамдық келісім» КММ (коммуналдық мемлекеттік мекемесі) жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбдіқұлов Созақбай Исаұлы, Түлкібас аудандық әжелер алқасының төрайымы Күлбибі Ешенқұлова және «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Төлеби аудандық филиалының төрағасы Әтірхан Шыңғысбаевтар сөз сөйлеп, өңірді дамыту, ел бірлігін сақтау, руханият, ардагерлерге қолдау көрсету бағытындағы пікірлерін білдірді.
Еліміздің дамуына, мәдениеті мен экономикасына үлкен үлес қосқан, халқымыздың игілігі үшін аянбай еңбек еткен ел ағалары, атап айтқанда Әнші, Мәдениет саласының ардагері Шойынбаев Құрманбай Алтаевич, Жазушы, филиалогия ғылымдарының докторы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ардагерлер кеңесінің төрағасы Садықов Сейдулла Садықұлы, «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Тоққұлова Гүлсара Төлебекқызы, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Рысбеков Қыдырәлі және Қоғам қайраткері Шерханов Рахым «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталса, Облыс әкімінің Грамотасымен Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Әзіретбергенов Жарылқасын, Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібеков Тоқсанбай, Арыс қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әсіл Тәңірберген, Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сүлейменов Мұстапа, Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Сапарбеков Әбдішүкір Әбдімәлікұлы және Еңбек ардагері Жүсіпбаев Үмбет марапатталды.
Кездесу салтанатты іс-шараға ұласып, қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді. Мерекелік дастарқанда концерт тамашалады. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, еңбегі еленген ардагерлерге алғыс хат табыстады.