Фото: belta.by
Ақтөбеде жекеменшік мектептердің мұғалімдері айлап жалақысыз қалып, жағдай ушығып тұр, деп жазады Todayinfo.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қарағанда, Оқу-ағарту министрлігі енгізген жаңа талаптардан кейін Ақтөбедегі “Білім” және “Смарт Білім” жекеменшік мектептерінің ұстаздары қыркүйек айынан бері еңбекақы алмапты. Жалақысыз жүрген педагогтар тіпті «әкімдік алдына барып, өзімізді өртейміз» деп мәлімдеп, жағдайдың тым шиеленісіп кеткенін көрсеткен.
Мұғалімдердің сөзіне сенсек, жауапты органдар оларға «келесі апта соңына дейін төлейміз» деп уәде берген, алайда бұл сөздің орындалатынына нақты кепіл жоқ. Ал әкімдік өкілдері шығынды өндіріп алу үшін сотқа жүгінуді ұсынған.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жекеменшік мектептердегі жағдайға қатысты пікір айтып, елдің назарын аудартқан болатын. Оның мәліметінше, мұндай білім ордаларының 57%-ы талапқа сай жұмыс істемейді.
«Мұғалімдер арқылы шу шығарып, жасалмаған қызмет үшін ақша алуға тырысатындарды тоқтату керек. БАҚ пен желі арқылы қысым көрсетуге тырысқан әрекеттер — отпен ойнау. Жаңа министрдің тәртіп орнату бастамасын толық қолдаймыз», — деді депутат.

