Фото: stan.kz
Астаналық тұрғын әлеуметтік желіде анасының шағын көз отасына барғаннан кейін қайтыс болғанын баяндап, жағдайға қатысты жауап іздеп жүргенін айтты. Оның сөзінше, әйел адамда операцияға дейін ешқандай кері көрсетілім болмаған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
24 жастағы Ақерке марқұмның тұңғыш қызы. Ол анасының екі баласымен бірге тұрғанын, өзі тұрмыста екенін айтады. Сіңлісі – 20 жаста, ал кішкентай інісі — 3 жаста. Анасы осы кенже баласын «психикалық дамудың тежелуі» диагнозымен орталықтарға апарып, емдетіп жүрген. Осы уақытта оның көзіне қатысты — тор қабықтың ажырауы бойынша мәселе пайда болып, портал арқылы отаға кезекке тұрған.
«Анам барлық қажетті сараптамадан өтті, жүрегін де толық тексерткен. Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына (тор қабықтың ажырауы) шағын хирургиялық операцияға жібердік. Бұл жалпы наркозды қажет етпейтін, 30–40 минуттық жеңіл ота болатын. Анам 3 жасар інімді қарап үйде қалуымды сұрады», — дейді Ақерке.
Алайда отаға бір сағат қалғанда дәрігерлер қосымша «катаракта» диагнозын қойғанын науқастың өзі телефондағы жазбасында қалдырған.
«Анам телефонда: “Отаға бір сағат қалды. Дәрігер маған катаракта деді. Енді соны да алып тастайды екен”деп жазыпты. Яғни екі операция бірден жасалған», — дейді ол.
Ақеркенің айтуынша, анасының денсаулығында жүрекке байланысты ешқандай проблема болмаған.
«Соңында анамның жансыз денесін ғана қайтарды. Дені сау, таза талдауларымен клиникаға өз аяғымен кірген адам еді. Тор қабыққа жасалатын шағын операция жүрекке қалай әсер етуі мүмкін? Өлім себебі ретінде “екінші деңгейдегі анықталмаған кардиомиопатия” деп қойыпты. Бірақ мұндай диагноз операциямен де, көзімен де байланысты емес. Жүректің тоқтап қалуын да түсіндірмейді. Сұрақ көп, жауап жоқ», — дейді ол.
Марқұмның қызының сөзінше, жағдайы нашарлағаннан кейін науқасты басқа ауруханаға ауыстырған. Әйел сол жерде көз жұмған.
«Ота соңында анамның жағдайы нашарлап, “ауа жетпей жатыр” деген. Дәрігерлер қажетті шара жасалды деп айтты. Кейін жүрегі қайта соққанын, содан соң Теміржол ауруханасына жібергендерін айтты. Бірақ оны не үшін тасымалдағанын, клиникадан қандай жағдайда шыққанын ешкім түсіндірген жоқ. Ең түсініксізі — сот-медициналық сараптама қорытындысы: “екінші деңгейдегі анықталмаған кардиомиопатия”. Бұл диагноз тор қабыққа да, катарактаға да, жағдайдың қалай қиындағанына да сәйкес келмейді», — дейді Ақерке.
Қазір ол 3 жасар інісін өз қамқорлығына алу мәселесімен айналысып жүр.

