Түркістан облысы тамшылатып суару әдісімен өнім көлемін ұлғайтты. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер заманауи технологияны кеңінен қолдану арқылы мол табысқа кенелмек, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапары барысында Ескі Иқан ауылдық округіндегі «ДАТҚА» жеке кәсіпкерлігінің тамшылатып суару әдісі арқылы егілген мақта алқабында болды. Жобаның жетекшілерімен кездесіп, rпікір алмасты.
Жоба бастамашысы Қанат Көшербаевтың айтуынша, мақта кештеу егілгеніне қарамастан, өнімділігі өте жоғары. Бұл нәтижеге тамшылатып суару тәсілі арқылы қол жеткізіліп отыр. Қытайлық инвестормен бірлесе атқарылып жатқан жобаның құны – 100,0 миллион теңге. 133 гектар алқапқа жаңа тәсілмен мақта егілген. Жобаның қуаттылығы жылына 10 мың тонна болады деп күтіліп отыр.
– Тамшылатып суару, жаңбырлатып суару, су үнемдеу технологияларын жаппай енгізуіміз керек. Өзге кәсіпкерлерге, әріптестеріңізге, шаруаларға осы тәсілдерді үйретіңіздер. Жауапты басқарма осы бағытта жұмыс жүргізсін. Біріншіден, су үнемделеді, екіншіден, өнімділік артады, үшіншіден, табыс молаяды. Өте тиімді, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Аталған мақта алқабының жұмысын жүргізу үшін құрал-жабдық сатып алуға Қытаймен келісімшарт жасалған. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы техникалары, дән сепкіш құралы, тамшылатып суару технологиясының кешені жеткізілген. 5 тік дренажды ұңғыма қазылып, электр бағаналары орнатылған. Алдағы уақытта осы тәсілмен мақта егу көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.