Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айыптылар жазасын алмайынша істі бақылауда ұстайтынын айтты.
№7 мектеп-лицей директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологы, әлеуметтік педагогы, сынып жетекшісі жұмыстан босатылды.
Қызылорда қаласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарына, қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс, бөлімнің тәрбие жөніндегі жауапты маманына жұмыстан босату шарасы қолданылды.
Білім басқармасының басшысына өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналыс өткізіп, атышулы қылмыстан жарты жылға жуық уақыттан бері полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы мен қызға сабақ беретін мұғалімдер бейхабар болғанын қатаң сынға алды.
Бұған дейін хабарланғандай, Қызылордада 16 жастағы қызды жезөкшелікке мәжбүрлегендер қамалды. Әуелі бұл оқиға жөнінде Telegram-арналар ақпарат таратқан еді. Бейресми мәлімет көздері Қызылордада 16 жастағы оқушы қызды сыныптастары азаптап, жезөкшелікке мәжбүрлегенін жазған.