Бас прокуратура есірткі контрабандасы мен қылмыстық қоғамдастыққа қатысы бар азаматты Ресей Федерациясынан экстрадициялады. Ол 20 жыл бойы халықаралық іздеуде болған, деп хабарлайды Todayinfo.
Күдікті 2003 жылы Өзбекстаннан Қазақстан арқылы Ресейге героин мен опий тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топтың құрамына кірген. Ол есірткі заттарын сақтау, тасымалдау және басқа мүшелерге жеткізу міндеттерін атқарған.
2003 жылы Қызылорда мен Қарағанды облыстарында жүргізілген арнайы операция кезінде топтың бірнеше мүшесі ұсталып, 35 кг героин мен 28 кг опий тәркіленген. Олар сотталып, жазасын өтеп жатыр. Ал күдікті сол кезде ізін суытып үлгерген.
20 жыл бойы жасырынып жүрген азамат 2024 жылдың желтоқсанында Ресейдің Самара облысында ұсталды. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол елге экстрадицияланып, қазіргі таңда тергеу изоляторында отыр.
Айыпталған қылмыстар үшін Қылмыстық кодекс бойынша оның мүлкін тәркілеумен қатар, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.