Астана қаласындағы «Нұр Астана» мешітінің аты өзгерді. Бұл туралы Todayinfo хабарлайды. Енді ол ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін иеленеді. Бұл туралы ақпаратты Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі растады.
Аты неге өзгерді?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ғалымдар кеңесі «Нұр Астана» мешітін әл-Фарабидің құрметіне қайта атауды ұсынған. ҚМДБ бөлімдерінің басшылары, облыс имамдары мен орталық аппарат қызметкерлері бұл ұсынысты қолдап дауыс берген. Нәтижесінде 15 жылдық тарихы бар мешітке ұлы ойшылдың есімін беру туралы шешім қабылданды.
Салтанатты рәсім:
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілген шарада мешіттің ескі атауы жазылған тақтайша алынып, орнына Әбу Насыр әл-Фараби есімі жазылған жаңа тақтайша орнатылды.
Пікірлер:
- Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы: «Біз мешітке әл-Фараби есімін бергенде екі себепке қуандық. Біріншіден, бұл ғылым мен білім, әл-Фараби есімі бізді жаңғыртады. Екіншіден, біз әлемге әл-Фараби есімімен танымалмыз және ол арқылы әлемді танимыз. Әл-Фараби біз үшін рухани көпір», — деді.
- ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ғарифолла Есім: «Әбу Насыр әл-Фараби есімді адам жеті ғасыр бойы бүкіл адамзаттың ақыл-ойының негізгі тірегі болды. Әбу Насыр әл-Фараби ислам философиясын, дүниетанымын кәсіби түрде насихаттап, бүкіл әлемге таратқан. Сондықтан мешітке әл-Фараби есімін беру өте керемет және орынды», — деп атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, мешіт 2005 жылы 2 наурызда Есіл ауданында ашылған. Құрылыс Катар мемлекетінің әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Санидің қаражатына салынған. Ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан.