Ауладағы ағаштар мен бұталар үлкен аумақты алып, көлеңке түсіруі мүмкін. Алайда, қазақстандықтар оларды өз бетінше кесуге асықпауы керек – ол үшін қатаң жаза қарастырылған, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
2025 жылдың жазында Экология министрінің № 167 бұйрығы шықты. Бұл құжат өсімдіктер дүниесін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы заңнаманы бұзудан келтірілген зиянның мөлшерін есептеуге арналған базалық ставкаларға өзгерістер енгізеді.
Аталған құжат қазақстандықтардың ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені үшін жауапкершілігін күшейтеді. Бұл ретте, әңгіме тек сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлер туралы ғана емес, сонымен қатар қарапайым аулаларда өсетін өсімдіктерге де қатысты.
Мысалы, бұйрықпен қорғалатын және кескені немесе зақымдағаны үшін қомақты айыппұл салынатын кейбір өсімдік түрлері:
- Грек жаңғағы, пісте: 50-ден 80 АЕК-ке дейін (2025 жылғы есеппен 196 600-ден 314 560 теңгеге дейін);
- Самырсын (кедр): 17-ден 47 АЕК-ке дейін (66 844-тен 184 804 теңгеге дейін);
- Қарағай, шыршаның барлық түрі, балқарағай: 15-тен 45 АЕК-ке дейін (58 980-нен 176 940 теңгеге дейін), ағаштың жасына байланысты;
- Қайың, арша, самырсын: 12-ден 42 АЕК-ке дейін (47 184-тен 165 144 теңгеге дейін);
- Үйеңкі, қарағаш, жөке, көктерек, ағаш тәрізді тал, терек: 10-нан 40 АЕК-ке дейін (39 320-дан 157 280 теңгеге дейін);
- Өрік, ақ акация, алша, долана, шие, жиде, шетен, алқоры, мойыл, тұт, орман алмасы: 10-нан 40 АЕК-ке дейін (39 320-дан 157 280 теңгеге дейін);
- Арша (ағаш тәрізді): 14-тен 44 АЕК-ке дейін (55 048-ден 173 008 теңгеге дейін);
- Сары акация, бұталы талдар, шырғанақ, басқа да бұталар: 9-дан 39 АЕК-ке дейін (35 388-ден 153 348 теңгеге дейін).
Кез келген өсімдік түрін кесу немесе жою алдында, әрекетіңіздің заңды екеніне көз жеткізіп, тиісті қалалық қызметтерге хабарласу қажет. Мысалы, Алматы қаласында бұл – Экология және қоршаған орта басқармасы.

