Осы жылдың 8 ақпанында Пәкістанда кезекті Парламент сайлауы өтті. Саяси науқанның қорытындысы осынау үлкен әрі маңызды елдің саяси келешегі жайлы сұрақтарды ашық қалдырған тосын нәтиже көрсетті. Оның өңірдегі барлық елдер, демек, Орталық Азия үшін де айрықша зор маңызға ие екендігі жайлы ҚазАқпарат агенттігі халықаралық шолушысының материалынан оқыңыздар.
Ауғанстан арқылы Пәкістанға көлік дәлізі Орталық Азия үшін маңызды
Қалай десек те, Пәкістан біз ойлағаннан да әлде қайда жақын. Мұндай пайымға 2021 жылдың тамызында Ауғанстанда билік басына «Талибан» қозғалысы келген сәт жетелейді. Өйткені, осыдан 30 жыл бұрын, 1994 жылы бұл қозғалыс Пәкістанның көмегімен құрылғаны белгілі жайт. Бұл елде «Джамиат-и улема ислами» деп аталатын діни партия бар. Оның идеологиясы исламдағы деобанди бағытымен байланысты және Пәкістанның Солтүстік-батыс шекаралық өлкесіндегі мыңдаған медресесінде дәріптеледі. Дәл осы медреселерден «Талибан» қозғалысының командирлары мен содырлары білім алған. Сол уақытта тәліптерге Пәкістанның Ведомствоаралық барлау қызметі (ISI) ұйымдастырушылық қолдау көрсеткен еді.
Дегенмен, ең қызығы, қазіргі тәліптер қалай десек те 1996-2001 жылдардағы тәліптерге қарағанда қатты радикалданбаған. Мұны тікелей Пәкістанның ұстанымымен де байланыстыруға болатындай. Өйткені, олар «Талибанға» ықпалын біршама тежей көрсетіп отырғаны анық. Өз кезегінде бұл түрлі елдерде Ауғанстанның қазіргі үкіметімен сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатуына жол ашып отыр. Ол елдердің қатарында Қазақстан да бар. Мұнан бөлек. Орталық Азия елдердің экономикалық тұрғыда гүлденуі үшін Ауғанстан арқылы Пәкістанға көлік дәлізін салу да зор маңызға ие.
Демек, Пәкістанда нендей жайттың орын алып жатқаны және бұл елде оқиғалардың қалай өрбитіндігі біз үшін де өте маңызды екендігі сөзсіз. Бұл өңірдің қауіпсіздігі үшін де, экономикалық тапсырмаларды шешу үшін де маңызды. Мұнан бөлек, Пәкістан діндарлық деңгейі аса жоғары өте күрделі ел саналады. 237 млн адам тұратын бұл елдегі барлық күрделі процесті бақылауда ұстау үшін тұрақты билік қажет. Өткен сайлаудың қорытындысында бұл барынша айқындала түскені сөзсіз.
Елдің саяси жүйесіндегі ерекшеліктер
Өткен сайлау барысындағы басты шытырман ол өтпей жатып-ақ орын алған болатын. Қаңтар айында Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Имран Ханды бірден жалпы жиынтығы 31 жылды құрайтын үш мерзімге соттау туралы үкім шыққан болатын. Әр мерзімнің бір-бірімен қисыны келіспейтіндей көрінеді. Алайда, оның ішкі саяси күреспен астасқан өзге де қисыны бар болатын. Алдымен Имран Ханды АҚШ-тағы Пәкістан Елшісінің құпия жеделхатын жария еткені үшін 10 жылға бас бостандығына айырады. Одан кейін елдің Үкімет басшысы болып тұрған кезде алған сыйлықтарын жарты миллион долларға сатып жібергені үшін тағы 14 жыл жаза кеседі. Ал келесі 7 жылдық жаза мерзімін жұбайымен бірге исламдағы ажырасқаннан кейін қайтадан үйленбестен бұрын үш айлық мерзім (идда – ред.) ережесін сақтамағаны үшін арқалады. Мұның үстіне 2022 жылдың қазанында Имран Ханға мемлекеттік лауазымды қызметке қайтадан 5 жыл мерзімге сайлануға тыйым салынған болатын.
Бұл жайттардың барлығы да осынау қуғын-сүргінге ұшыраған саясаткерге Пәкістанның қазіргі элитасы қаншалықты назар аударып отырғандығын, оларға Имран Ханның қаншалықты үлкен проблема тудыра алатындығын көрсетсе керек. Бар мәселе мынада. Ол мансап жолында Пәкістанның саяси ұйымының негізін ғана қозғап қоймай, сонымен қатар саясаттағы жаңа тенденцияларды да қолдана алған еді. Ең алдымен – беделқұмарлық. Осы тұрғыда алғанда Имран Хан Пәкістандағы ең жарқын саясаткерлердің бірі екендігі сөзсіз.
Бұған қоса, крикетте танымал ойыншы болған ол өзінің мансаб жолының басталуы үшін Пәкістанның әскери қызметіне толықтай борышты. Осы орайда Пәкістанның саяси жүйесінің де ерекшелігін атап өткен жөн. Ол британдық отарлық басқарудың нәтижесі саналады. Британдықтар бұрынғы британдық Үндістан шырмауымен Пәкістанды құрды. Онда батыс үлгісіндегі білім беру, сот, нарықтық экономикадан бастап, сайлау, жергілікті өзін өзі басқару, полиция мен армия жүйесі, яғни барлық институт бұл елге де телінді. Мұның бәрі әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.
Имран Хан кім ?
Ол – этникалық пуштун. Бірақ, қалалардың жас тұрғындары тұрпатына біршама сай келетін жалпыпәкістандық бірегейлікті бойына сіңірген. Имран Хан Пенджаб астанасы Лахоре қаласында дүниеге келген. Демек, пенджаптықтар үшін жат жан емес. Ол крикет ойнауы арқылы да жария тұлғаға айналған. Алайда, ең бастысы этникалық топтар мен жергілікті элитаны емес жалпы қоғамды арқа тұтқан жарқын саясаткер болды.
Имран Хан 2018-2022 жылдары аралығында Пәкістанның Премьер-Министрі болды. Осы аралықтан Пәкістанның АҚШ-пен қарым-қатынасына сызат түсіп, Құрама Штаттар 1,3 млрд доллар сомасында бермек болған әскери көмегін тоқтатып тастады. Ол АҚШ-ты Ресеймен және Қытаймен теке-тірестіруге де тырысты. Мәскеумен Карачи портынан Лахораға дейін газ құбырын тарту мәселесін талқыласа, Қытаймен «Экономикалық дәліз» атты ауқымды жобаны пысықтады.
Имран Хан 2021 жылы Ауғанстанда билік басына «Талибан» қозғалысы келген оқиғалар кезінде де маңызды рөл атқарды. Бұл сол жазда Ауғанстанда болған оқиғаларға баға беруге қатысты сақталған өте үлкен шытырманға байланысты айрықша маңызға ие. Дегемен, бүгінде тәліптер осыдан 25 жыл бұрығы жағдайға қарағанда батыл емес. Бұл орайда Пәкістанның да үлесі бар екендігі анық.
Қалай дегенде де, 2022 жылы Имран Хан отставкаға кетті. Бұл үшін ел Парламентінде коалиция құрылды. Ел Премьері Наваз Шарифтің ағасы Шахбаз Шариф болды. Логикаға сәйкес ескі партия әскерилердің көмегімен Имран Ханды белсенді саяси қызметтен шеттетуі тиіс-тін.
Алайда, жұртшылыққа танымал саясаткер оңайлықпен берілгісі келген жоқ. Ол өзіне бүйрегі бұратын жергілікті саясаткерлердің, олардың жақтаушыларының көмегімен дербес жүйе құрып, үлкен тосынсыйға айналды. Нәтижесінде бүлікшіл Имран Хан армия мен элита үшін айтарлықтай проблема туындатты. Осы жылдың 8 ақпанында өткен парламенттік сайлау дәл осы проблеманы түбегейлі шешуі тиіс еді. Әрі көңілді көншітер нәтижеге жету үшін оны 31 жыл түрмеде отырғызу үкімі де шыққан болатын. Оның партиясына техникалық себептерге байланысты сайлауға қатысуға тыйым да салынған-ды.
Сайлау қорытындысында ел Парламентіне кімдер кірді
Дегенмен, Имран Хан қолдау білдірген тәуелсіз кандидаттар 97 мандатқа ие болды. Ал Мұсылмандар лигасына — 76, Халық партиясына 54 орын бұйырды. Қалған 37 орын қалған кандидаттар арсында бөлінді. Пәкістан заңнамасына сәйкес Үкіметті тек партия ғана жасақтай алады. Сондықтан «Техрик-е Инсаф» партиясына мұндай құқық берілмейді. Алайда, Имран Хан Мұсылман лигасының басшысы Наваз Шариф өмірінің тас-талқанын шығаруы ықтимал. Өйткені, Шарифтің елдің келесі Премьер-Министрі болуға мүмкіндігі өте жоғары болып тұрғаны жасырын емес. Бірақ, партиялар арасындағы талас-тартыста кімнің басым түсерін Имран Хан жақтастарының шешіп кетуі де ықтимал.
Пәкістандағы тұрақсыздық ешкімге опа әкелмейді
Пәкістанның мүдделі сыртқы күштердің бәрі үшін де аса маңызды екендігі сөзсіз. Бұл елде орын алуы ықтимал кез келген тұрақсыздық үлкен экономикалық проблемалар мен сыртқы көмекке аса тәуелділік жағдайында ешкімге де опа әкелмейді. Мұның үстіне Пәкістан — алып мемлекет әрі халқы барынша діндар.
Демек, Пәкістандағы болжамды басшылық, тіпті дамудың классикалық жалпыдемократиялық моделіне тым сәйкес келмесе де, ең жақсы балама ретінде қабылданады. Оның үстіне, бұл елдің тарихында әскери диктатура болған. Мысалы, 1977 жылы осыған біршама тән оқиға болды.
Сол кезде сайлауда Беназирдің әкесі және қазіргі Халық партиясының жетекшісі Билавал Бхутто Зардаридің атасы Зульфикар Бхутто бастаған Халықтық партия жеңіске жетті. Оппозиция сайлау нәтижесіне қарсы шықты. Бұған жауап ретінде Бхутто оппозиция жетекшілерін тұтқындап, әскери жағдай орнатты, жаппай наразылықтар басталды. Әскерилер төңкеріс ұйымдастырып, 1979 жылы ол кісі өлтірді деген айыппен өлім жазасына кесілді.
Жалпы, Пәкістандағы саяси өмір әрқашан қиын және өте аумалы-төкпелі болды. Бірақ ең қызығы, бір кездері британдықтар құрған институттар сүлдесі құрып тұрса да жұмыс істейді. Әрине, олар армияның ел саясатында осындай рөл атқаратынын елестете алмағаны анық. Алайда мұндай ішкі қайшылықтар болған кезде кейбір төрешілердің әлі де қажет болуы ықтимал сияқты.
Дереккөз: ҚазАқпарат