Алматыдағы Таулы қырат шағынауданындағы жер учаскесі АҚШ-қа жалға берілуі мүмкін.
Қазақстан үкіметі АҚШ-қа Алматыдағы 70 593 шаршы метрлік жер учаскесін жалға беру туралы келісім жобасын талқылауда. Учаске Таулы қырат (Горный гигант) шағынауданында, Жамақаев көшесі, Әл-Фараби даңғылы, Сейфуллин даңғылы және Алдар Көсе көшесі аумағында орналасқан, деп хабарлайды Todayinfo.
Қымбат аудандағы 7 гектар жерді 49 жылға $25 млн жалға алғалы отыр.
Учаскенің қазіргі жағдайы
Қазіргі уақытта бұл жер учаскесі қар мен жол топырағын төгу алаңы ретінде қолданылып отыр.
- Шығыс бөлігінде: шағын футбол алаңы бар, оның болашағы консулдық ғимараты салынса, белгісіз.
- Кейбір аумақтары: металл қоршаумен қоршалған.
Жалға алу шарттары
Келісім жобасына сәйкес:
- Жалға алу мерзімі: бастапқы 49 жыл және келесі 49 жылдық кезеңдермен шектелмейтін ұзақ мерзім.
- Төлем сомасы: 25 301 016 АҚШ доллары.
- Төлем мерзімі: келісім күшіне енгеннен кейін 30 күн ішінде бір реттік төлем арқылы жүзеге асырылады.
Бұл келісім 2024 жылдың 27 қыркүйегінде Нью-Йоркте Қазақстан мен АҚШ арасында қол қойылған болатын.

Саяси астары бар ма?
Қазақстан Орталық Азияда маңызды стратегиялық орынға ие ел. АҚШ-тың консулдық ғимаратын салу арқылы осы аймақтағы ықпалын күшейту немесе геосаяси позициясын нығайту мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, консулдық ғимараттар тек әкімшілік мақсаттарға ғана емес, елдің аймақтағы мүдделерін қорғауға, саяси және экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған. Бұл АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық қатысуын кеңейтуге деген ниетін көрсетуі мүмкін.
Келісімді ратификациялау туралы заң жобасын Мәжіліс депутаттары өз жұмыс жоспарына алды. Бұл жоба Алматы қаласындағы стратегиялық аймақты шетелдік пайдалануға беру мәселесін қамтиды.
Назарда болатын тағы бір жайт, АҚШ-тың Қазақстандағы консулдық инфрақұрылымын кеңейтуі Ресей, Қытай және басқа көршілес елдер тарапынан назар аудартуы мүмкін. Бұл өз кезегінде аймақтағы саяси тепе-теңдікке әсер етеді.