Ресей тамыз айынан бері бірінші рет Украинадағы маңызды инфрақұрылымды нысанаға алып, біріккен зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен соққы берді, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Соның салдарынан электр қуаты үзілген және 5 адам қаза тапқан.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, жексенбіде ресейлік әскерилер Украинаға шабуыл жасау үшін 120-ға жуық зымыран мен 90 ұшқышсыз ұшақты пайдаланған. Елдің Сыртқы істер министрі Андрей Сибига да Ресейдің соғыс басталғалы бері «ең үлкен әуе шабуылдарының бірін» жасағанын мәлім етті.
Украина Қарулы Күштерінің әскери әуе күштері де қарап қалмай, 8 жоғары дыбысты «Қанжардың» жетеуін және 1 «Цирконды», сондай-ақ 89 қанатты зымыран мен 5 ұшақты атып түсірген.
Бұл ретте шабуылға 7 стратегиялық бомбалаушы және алыс қашықтыққа ұшатын 2 бомбалаушы ұшағы, сондай-ақ басқа да ұшақтар қатысқан.
Ресей Қорғаныс министрлігі жексенбі күні таңертең ресейлік әскерилер «дәл басқарылатын қару-жарақпен» және ұшқышсыз ұшақтармен Украинадағы маңызды энергетикалық инфрақұрылымға жаппай соққы бергендерін растады. Мәліметке сенсек, бұл нысандар «әскери-өнеркәсіптік кешеннің жұмыс істеуін қамтамасыз еткен». Сонымен қатар, шабуыл әскери өнім шығаратын кәсіпорындарға да жасалған.
Киевтің әскери әкімшілігі «Украинаның барлық дерлік аумағы шабуылға ұшырады» деп хабарлады.
Еске сала кетсек, Ресей Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына 2022 жылдың соңынан бері шабуыл жасап келеді. Бүгінде энергетикалық кешен айтарлықтай зардап шеккен. Тіпті, Украина билігі шабуылдардың биыл күн суытқан кезде қайталанатынын білген.