Түркіс әлемінің туристік астанасы Түркістан қаласында ХХVI «Қазақ романсиадасы» романс орындаушыларының байқауы басталды. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан өнер додасына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен 60 үміткер қатысып жатыр, — деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық порталы.
Қатысушылар байқау ережесіне сәйкес екі кезең бойынша бақ сынайды. Қазақ және орыс тілінде романс орындайды. Байқауға Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Романсиада» халықаралық байқауы идеясының авторы және ұйымдастырушысы Галина Преображенская, Өзбекстан Республикасының халық әртісі Аваз Раджабов, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Игорь Воронцов, Құрманғазы атындағы ҚҰК «Вокалдық өнер» кафедрасының аға оқытушысы, қазақстандық опера әншісі Талғат Мұсабаев сияқты өнер жұлдыздары қазылық етуде.
Осы байқау аясында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қазылар алқасымен кездесті. Кездесу барысында мәдениетті дамыту бағытындағы ұсыныстарын тыңдап, бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді.
«Түркі әлемінің рухани орталығына айналған қасиетті Түркістан қаласында қазақ өнерінде қолтаңбасы бар өздеріңіздей тұлғаларды, әлемнің әр қиырынан келген талантты жастарды көргеніме шын қуаныштымын. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Мемлекет басшысының бастамасымен қаламызға ерекше мәртебе беріліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып отыр. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда Түркістан ерекше қарқынмен дамып келеді. Ежелден Түркі елдері үшін рухани орталық, тарихи астана ретінде әспеттелетін шаһардың жаңа тынысы ашылып, оң өзгерістер болып жатыр. Түркістан Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы болып жарияланды. Бұл бастамалар өңірдің мәдени-рухани, туристік әлеуетінің артуына оң серпін беретін қадам деп білемін. Қазіргі таңда Түркістанда мәдениет пен өнерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Руханиятты дамытуға арналған тың жобалар іске асуда. Халықаралық өнер жобалары Түркістанды таныта түседі» — деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев.
Айта кетейік, 17 қараша күні сағат 19:00-де «Фараб» кітапханасының залында Гала-концерті мен марапаттау рәсімі өтеді. Байқау жеңімпазы желтоқсан айында Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында өтетін халықаралық романс орындаушыларының қорытынды байқауына қатысады.