Түркістан облысында биыл жалпы құны 151,9 млрд. теңгеге 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жылдың алғашқы жартысында аталған жобалардың 24-і іске қосылып үлгерді. Нәтижесінде 1 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, өңірде өнеркәсіп жанданып келеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шараларын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес аймақта жүйелі жұмыстар жасалуда. Саланың өзекті мәселелері Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті назарында.
Былтыр өңірге 1 триллионға жуық (972,0 млрд. теңге) инвестиция тартылып, өсу динамикасы бойынша республикада 3-ші орынға тұрақтаған. Ал, биыл облысқа 1 трлн. 133,8 млрд. тг. көлемінде инвестиция тарту көзделген. 6 айдың қорытындысымен өңірге тартылған инвестициялар көлемі 420,8 млрд.тг. құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 137,8%-ға өсті. Бұдан бөлек, 2024 жылға өңірге тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 467,0 млн. АҚШ доллары көлемінде бекітілген.
Сондай-ақ облыста алдағы уақытта инвестицияның өсу қарқынын арттыру мақсатында 2024-2027 жылдары жүзеге асырылатын 145 инвестициялық жобаның пулы қалыптасқан. Аталған жобалардың жалпы құны 2,2 трлн. тг. құрайды. Олардың есебінен өңірде 18 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп саласында 37 жоба, өнерк»әсіп саласында 58 жоба, құрылыс саласында 19, туризм – 19, энергетика саласында 6 ірі жоба жүзеге асада.
Биыл жалпы құны 151,9 млрд. теңгені құрайтын 62 инвестцииялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 2 406 жаңа жұмыс орны құрылады. Бүгінгі күні 24 инвестжоба іске қосылды.
Өнеркәсіп саласында былтыр 1 трлн. теңгеге өнім өндірілді. Ал, 2024 жылға өнеркәсіп өнім көлемін 1 трлн. 120 млрд. теңгеге және өңдеу өнеркәсібі өнімі көлемін 510 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. 6 айдың қорытындысымен өнеркәсіп саласында 551,6 млрд. теңгеге өнім өндірілді. Өңдеу өнеркәсібі саласында 2024 жылы жалпы құны 24,2 млрд. теңге болатын 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 900-ге жуық жұмыс орны ашылады.
«Түркия және Корея Республикасы мен Қытай Халық Республикасынан инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған Түркістан облысы делегациясы, кейін аудан және қала әкімдіктері, бизнес өкілдерімен бірлесе өткен жылда Қытайға іс-сапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде инвесторлар капиталымен бірқатар жобалар бастау алды. Осы жұмыстардың нәтижесімен өңір экономикасына шамамен 1,2 трлн. теңге инвестиция бағытталады», — деп хабарлады Түркістан обылсы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Олардың қатарында текстиль кластерін құру бойынша ірі жобалар бар. Түркістан облысында ПВХ құбыр шығаратын, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт, 2 мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикалары, бояу және әрлеу фабрикасы және тігін фабрикасы сияқты инвестициялық жобаларын іске қосуды жоспарлауда. Тамшылатып суару арқылы мактаны егудің жаңа тәсілін егуде жергілікті тұрғындар тәжірибе алуда. Сондай-ақ облыста қуаттылығы 800 МВт құрайтын күн және жел электростанциясының құрылысы, Түркістан қаласында 5 жұлдызды қонақ үй, бизнес орталық және аквапарк құрылысы жоспарланған.
Түркістан облысы мен бірқатар провинция арасында бауырластық, достық қатынастарды орнату туралы меморандумдарға қол қойылған. ІТ саласында тәжірибе алмасу, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, озық технологиямен қамту, терең өңдеу, білім, мәдениет және туризмді дамыту бойынша келіссөздер жүргізілуде. Онымен қоса, облысқа шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында көкөніс қоймасының құрылысы, құрылыс материалдар өндіру зауытының құрылысы, аурухана ашу, ірі қара мал терісін өңдеу өндірісін ашу, жиһаз шығару, дрондарды құрастыру және санитарлық-гигиеналық материалдарды өндіру зауытын ашу секілді бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Жұмыстар ары қарайда жалғасын табады.