Жетісу облысында 29 жастағы тұрғынның үйінен 7 дана «Sim-Box» құрылғысы, роутерлер, компьютерлер, ноутбуктер, ұялы телефондар және 6,5 мыңнан астам ұялы байланыс операторларының SIM карталары тәркіленді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«Sim-Box» құрылғысы алаяқтар тарапынан жаппай телефон қоңырауларын генерациялау, хабарламалар тарату және абонент нөмірлерін ауыстыру үшін кеңінен қолданылады.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 213-бабы («Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеп- тексеру басталды.
Күдікті қамауға алынды.
Бұл соңғы екі айда «Sim-Box» құрылғысын пайдаланудың екінші анықталған жағдайы.
Облыс прокуратурасы азаматтарды сақ болуға, оңай табыс ұсынатын күмәнді жұмыс берушілердің ұсыныстарына ермеуге, телефон алаяқтарын әшкерелеу үшін күдікті қоңыраулар туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.