Сот сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған азаматша И.-ге қатысты істі қарады (ӘҚБтК-нің 608-б. 1-б.).
Сот 2024 жылдың желтоқсанында 1951 жылы туған азаматша И. алкогольдік масаң күйде «Toyota» маркалы көлік құралын басқарғаны анықтаған. Сот отырысында азаматша құқық бұзушылық дерегін мойындады.
Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, медициналық куәландыру қорытындысы, бейнежазба арқылы расталады.
«ӘҚБтК-нің 608-б. 1-б. санкциясы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруды көздейді. ӘКБтК-нің 50-б. 2-б. сәйкес елу сегiз жастан асқан әйелдерге қамаққа алуды қолдануға болмайды. Сот азаматша И.-ді ӘҚБтК-нің 608-б. 1-б. бойынша кінәлі деп танып, оған 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады. Қаулы заңды күшіне енді», — делінген хабарламада.