Алматы облысында жастар арасында көкпардан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 13 команда, 156 спортшы қатысуда, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
16 мамыр күні өткен жартылай финалдық бәсекелерде финалға шығатын командалар анықталды. Жамбыл облысы мен Алматы облысы арасындағы тартысты ойын 6:3 есебімен аяқталып, жамбылдық көкпаршылар финалдың алғашқы жолдамасын жеңіп алды.
Шымкент қаласы Атырау облысын 12:0 есебімен ірі есеппен жеңіп, финалға жолдама иеленді. Осылайша, 18 мамыр күні өтетін чемпионаттың финалында Жамбыл облысы мен Шымкент қаласы командалары алтын жүлде үшін додаға түседі. Ал Алматы облысы мен Атырау облысы қола жүлде үшін таласады.
Шымкент командасының шабуылшысы Жалғас Оразалы өз пікірін білдірді: «Топтық кезеңде Ақтөбе облысын 15:0, Маңғыстау облысын 10:2 есебімен ұттық. Жартылай финалда Атырауды 12:0 есебімен жеңіп, финалға шықтық. Былтыр Шымкентте өткен чемпионат финалында Түркістан облысынан жеңілген едік. Бұл жолы қарымта қайтаратын сәт келді. Жамбылмен ойын тартысты болары сөзсіз, алайда жеңісті қолдан бермейміз», – деді ол.
17 мамыр күні өткен қосымша ойындарда Түркістан облысы бесінші орын үшін таласта Алматы облысын 6:0 есебімен ұтты. Қызылорда облысы Жетісу облысын 5:2 есебімен жеңіп, тоғызыншы орынға ие болды. Ұлытау облысы, Алматы қаласы және Ақтөбе облысы аттарының жарақат алуына және дайын болмауына байланысты чемпионатты мерзімінен бұрын аяқтады.
Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 12 миллион 350 мың теңге. Әр ойында жеңіске жеткен командаларға ақшалай сыйақы тағайындалған. Сонымен қатар, «Үздік шабуылшы ат», «Үздік ат», «Үздік жекпе-жек ат», «Үздік ойыншы» атағына ие болғандарға әрқайсысына 300 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі.