Алматы облысында шығатын сары майға Ресейден түсетін сұраныс жоғары. Райымбек ауданында сүт өнімдерін шығаратын зауыт сары майды экспортқа жібере бастады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Райымбек ауданындағы сүт өнімдерін шығаратын зауытта отыздан астам адам жұмыс істейді. Құрт, май, ірімшік секілді оншақты өнім түрін шығаратын Қарасаз ауылындағы зауыт басшылары тауарларын былтырдан бері экспортқа жіберіп жатыр.
Зауыт басшысының сөзінше, сары майдың сапасына, дәміне қызыққан ресейліктерден сұраныс артқан.
«Құрт ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық ас, дәм. Құрт шығаратын аппаратымыз Ресейдікі, Қазақстанда жиналған. Сағатына 50 келі құртты дайындап шығарады. Тәулігіне 300 келі құрт жасап жатырмыз. Жас құрт 12-16 сағат арасында кеуіп, дайы болады. Жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істейміз», — деді зауыттың жетекшісі Ержан Ерсін.
Зауытта қазақтың ұлттық өнімі — жент, қатық, қызыл ірімшіктер де молынан дайындалады. Қазақтың төл асына ішкі нарықта сұраныс жоғары.
Өнімдерге деген сұраныс төмендеген емес. Шығарылған өнімдер тек бір Алматы қаласының сұранысынан аспай қалып жатыр.
«Ішкі нарыққа сатамыз. Сары май, айран, қаймақ шығарамыз. Барлығы сұранысқа ие. Барлығы автоматтандырылған аппарат арқылы жасалады. Әр аппаратқа бір адамнан тұрады. Зауытымызда қазіргі таңда барлығы 35 адам жұмыс істейді. Болашақта өнім көлемін арттырып, зауытты кеңейту жоспарымызда бар. Табиғи өнімдердің барлығына сұраныс өте жоғары.
Сары майды Ресейге әліде көбірек шығарсақ деп жоспарлап отырмыз. Зауытта өнім шығаруды 2023 жылы бастағанбыз, ақ тағамдардың бәрі ішкі нарыққа шығып жатырмыз. 2022 жылы құрылысы біткен. Былтыр Ресей мемлекетіне 200 тонна сары майды экспорттадық. Биылғы жылы тағы молынан экспортқа жібереміз деп жоспарлап қойдық. Сары май сапалы, дәмі ерекше болғандықтан көрші елден сұраныс жақсы түседі»,- дейді «Қарасазсүт» зауытының директоры.
Аудан басшыларының сөзінше зауыт осы маңайдағы елді мекендерден сүт сатып алады. Яғни, халық сүт өткізіп, тұрақты табыс тауып отыр.
«Қазіргі таңда бұл зауыттың жұмысы жақсы жүріп тұр. Күн сайын 15 тонна сүтті халықтан сатып алады. Сүтті тек Райчмбек ауданы ғана емеса, Кеген ауданына қарасты ауылдардан да сатып алады. Сатып алған сүттен 14 тұрлі өнім шығарады. 1 литрлік сүтті 340 теңгеден сатып алады. Оншақты сиыры бар тұрғындар үшін бұл өте жақсы табыс. Зауытты алдағы уақытта үлкейту, дамыту жоспарда бар. Ол жеке инвесторлардың есебінен жүргізіледі. Жалпы ауданда мал саны көп, қазір халық асыл тұқымды малға ден қоя бастады», — деді Алматы облысы Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев