2025 жылғы 28 мамыр күні Түркістан қаласында ерекше рухтағы әрі мазмұнды іс-шара – еліміздің болашағы саналатын дарынды балалармен кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездесу «Қазақстан балалары» ұлттық тұжырымдамасы аясында республика көлемінде кеңінен аталып жатқан «Балалар үні» күніне орай өтті. Аталған шараның басты мақсаты – жас буын өкілдерінің пікірін тыңдау, олардың жетістіктерін бағалау және жарқын болашаққа сенім сыйлау болды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірдегі білім мен ғылым, өнер мен спорт салаларында озық нәтиже көрсетіп жүрген озат оқушылармен жүздесті. Олардың қатарында халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында топ жарғандар, түрлі спорт түрлерінен ел намысын қорғап жүрген өрендер, сондай-ақ музыка мен сахна өнерінде дараланған таланттар да бар.
Еркін форматта өткен сұхбат барысында Бейсенбай Дәуренбекұлы жас жеткіншектерге шын жүректен құттықтауын жеткізіп, олардың табыстарына тәнті екенін айтты. «Сіздер — еліміздің болашағысыздар. Қандай да бір жетістікке жету үшін үлкен еңбек, табандылық және сенім қажет. Бүгінгі таңда қол жеткізіп отырған әрбір жеңістеріңіз – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің, ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың қолдауының нәтижесі», – деді ол.
Сонымен қатар ол балалардың көкейінде жүрген сұрақтарына ашық жауап беріп, олардың ойлары мен ұсыныстарына жіті назар аударды. Кездесу барысында жас дарындар өздерінің ғылым, өнер, спорт салаларындағы мақсат-міндеттерімен бөлісіп, Түркістан облысы әкімдігі тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп келе жатқанына алғыстарын білдірді.
«Бұл кездесу – тек мерекелік құттықтау емес, балалардың даусын есту, ойы мен көзқарасына құлақ түрудің, олардың бастамаларын қолдаудың нақты көрінісі. Бүгінгі дарынды бала – ертеңгі ел көшін бастайтын лидер. Сондықтан біз сіздердің үндеріңізді естіп, армандарыңызды жүзеге асыруға барлық жағдай жасауға дайынбыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Кездесу ерекше жылы атмосферада өтті. Балалар өздерінің болашақ мамандықтары туралы ойларымен бөлісті. Олардың арасында болашақ ғалым болғысы келетіндер, дәрігер, инженер, дипломат немесе өнер жұлдызы болуды армандайтындар да бар. Көпшілігі Түркістан өңірінің даму жолында өз үлесін қосқысы келетінін жеткізді. Бұл – олардың туған жерге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.
Іс-шара соңында балалар мен облыс басшылығы естелік суретке түсіп, алдағы уақытта осындай ашық диалог форматындағы кездесулер жалғасын табатыны айтылды. Бұл кездесулер балалардың сенімін нығайтып қана қоймай, оларды биік мақсаттарға жетелеуге үлкен мотивация беретіні сөзсіз.