Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындармен кездесу барысында Осакаров ауданының сумен жабдықтау, тұрғын үй құрылысы және жолдарды дамыту мәселелерін талқылады. Аймақ басшысы Молодёжное ауылының Мәдениет үйінде ашық диалог ұйымдастырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына тоқталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Молодёжное ауылында соңғы жылдары алғаш рет жеке инвестициялар есебінен тұрғын үй құрылысы басталған. Сонымен қатар, жылумен жабдықтауды жақсарту үшін жаңа блокты-модульді қазандық салынып жатыр.
Кездесуге ауданның әртүрлі ауылдарынан тұрғындар жиналып, аймақ басшысына өз сұрақтары мен өтініштерін жеткізді.
Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындардың сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесіне ерекше назар аударды. Ауданның бірнеше ауылында су құбырларының құрылысы аяқталған: Қаратомар, Николаевка, Қаракөл. Қазіргі уақытта Осакаровкадағы жетінші кезектегі су құбырларының құрылысы аяқталу сатысында, ал Садовое мен Трудовое ауылдарында жұмыстар биыл аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, Колхозное және Шұңқыркөл ауылдарында жобалар жүзеге асырылуда.
Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін тағы жеті елді мекенде блокты-модульді су тазарту кешендері орнатылады. Бұл шешім 200 адамға дейінгі халық тұратын шағын ауылдардың қажеттілігін өтеуге бағытталған.
Денсаулық сақтау саласында «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Сарыөзек ауылында дәрігерлік амбулатория салынды. Шұңқыркөл, Жұлдыз, Ошағанды және Ақпан ауылдарында медициналық пункттердің құрылысы жалғасуда. Молодёжное ауылындағы аурухананы күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Пионерское және Қаратомар ауылдарының ішкі жолдары жөнделмек. Сонымен қатар, аудан орталығында инженерлік коммуникациялар құрылысы үшін қажетті құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті.
Осакаровкада кезекте тұрған азаматтарға арналған 18 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Ал Молодёжное ауылында жеке инвестордың қаржыландыруымен екі бес қабатты үй салынып жатыр. Бұл үйлерде 120 пәтер қарастырылған.
Молодёжное тұрғындары Халыққа қызмет көрсету орталығын (ХҚКО) қайтару туралы өтініш айтты. Электронды форматта көрсетілмейтін мемлекеттік қызметтерді алу үшін аудан орталығына бару қажеттігіне байланысты қиындықтар туындауда. Әкім бұл мәселені шешу үшін ауылда ХҚКО қызметкерін орналастыруды тапсырды.
Ермағанбет Бөлекпаев кездесу соңында азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады. Облыс әкімінің сөзінше, аталған мәселелерді шешу үшін тиісті шаралар қабылданатын болады.