Түркістан облысы 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша экономикалық өсім көрсеткіштерімен республикада көш бастады. Өңірдегі жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қысқа мерзімді экономикалық өсім 120,4%-ды құрады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Экономиканың қарқынды дамуына тау-кен, өңдеу, уран өндірістері, құрылыс индустриясы және ауыл шаруашылығы саласындағы ілгерілеу себеп болды.
Өнеркәсіп саласындағы өнім көлемі 593 млрд теңгеге жетіп, 14,8%-ға артты. Бекітілген жоспар 105,5%-ға орындалды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 280,4 млрд теңгені, тау-кен өндірісі 259,6 млрд теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 194,3 млрд теңгені құрап, 6,3%-ға өсті. Бұл сала бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 117,4 млрд теңгені құрап, 1,4 есеге артты. Жыл басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 306,1 мың шаршы метрге жетіп, жоспар 125,5%-ға орындалды.
Сауда көлемі 269,7 млрд теңгені құрап, жоспардан 1,6 есеге асып түсті.
Көлік және қоймалау қызметтерінің көлемі 209,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,4%-ға өсті.
Байланыс қызметтерінің көлемі 4,9 млрд теңгеге жетіп, 15,2%-ға артты.
Түркістан облысы экономикалық тұрақтылық пен даму жолындағы әлеуеті жоғары аймақ ретінде танылды. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатындағы жұмыстар жалғасатын болады.