Бүгін Қарағанды облысында Ұлттық домбыра күніне орай 60-қа жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылып, халқымыздың рухани мұрасын ұлықтауға арналған мереке өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей киелі аспапты жанына серік еткен Біржан сал мен Ақан сері, Естай мен Мәди сынды дәстүрлі өнер алыптарының да рухына тағзым ететін күннің маңызы туралы айтты.
«Бүгін ұлттық өнерді дәріптеп, тамырымызды танып, тегімізді түгендейтін күн. Қос ішек пен 9 пернеге қаймана қазақтың мұңы мен зарын, арманы мен үмітін сыйғызған Құрманғазы мен Дина, Тәттімбет пен Сүгірдің бүгінгі ұрпағы атадан жеткен өнерді ардақтап, тамыры тереңнен бастау алатын тарихымызды, баға жетпес мәдениетімізді түлетті, ұлт шежіресін жалғады.
Дәл осы мақсатта бүгін киелі Арқа жерінде Ұлттық Домбыра күні кең көлемде аталып өтуде. Қарағанды облысы бойынша 60-қа жуық шара ұйымдастырылды. Мереке флешмобтан басталды. Шертпе күй атасы – Тәттімбеттің «Сарыжайлауын» бір уақытта 500 өнерпаз орындады»,- деді ол.
Ол өңір аудандары мен қалаларында заман талабына сай форматтарда түрлі шара ұйымдастырған белсенді жастардың арқасында ұлттық өнеріміздің тамырына қан жүгіріп, мереке ерекше мазмұнмен толыққанын атап өтті.
«Концерттік залдарда, саябақтарда дәстүрлі әніміз шырқалып, күйіміз күмбірледі. Жұрт көңілі шат-шадыман.
Төл өнерімізге деген ерекше ықылас, әрине, жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ұлттық домбыра күні алғаш жарияланғаннан бері Қарағанды облысында домбыра үйірмесіне қатысушылар саны 5000 адамға артты»,- деді әкім орынбасары.
Қазір Қарағанды облысында 13 400 өнерпаз, оның көбі мектеп жасындағы балалар мен жастар, домбыра үйірмелеріне барып жүр.
«Демек, мемлекеттік деңгейде қолға алынған бастама араға 7 жыл салып, жемісін берді – домбыра үні жас буынның жүрегіне жол тапты. Олай болса, осы бетімізден қайтпайық. Қасиетті қара домбыраның үні өшпесін, бабалар мұрасы ұрпақ санасында жаңғыра берсін!»,- деді Әлібек Әлденей.