Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы мамандандырылған ХҚКО №2 экс-басшысы Жомарт Мурашимовтың өлім себебін жариялады.
Дәрігерлердің мәліметі
Мамандардың айтуынша, ол бірнеше созылмалы дертке шалдыққан: артериялық гипертония, бронхиалды астма және остеохондроз. Қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.
18 тамыз күні оның жағдайы күрт нашарлап, артериялық қысымы 240/120 мм сын. бағ. деңгейіне көтерілген. Оған ми қан айналымының жіті бұзылуы белгілері анықталып, жедел жәрдем Мурашимовты Шымкент қалалық клиникалық ауруханасының нейрореанимация бөліміне жеткізген.
19 тамыз күні сағат 10:46-да биологиялық өлім тіркелді. Ресми қорытындыға сәйкес, өлім себебі – жіті жүрек-қантамыр жеткіліксіздігі мен полиоргандық жеткіліксіздік болған.
Тергеу және тексеру
Қазіргі таңда медицина қызметкерлерінің іс-әрекетіне байланысты тексеріс басталды. Оның нәтижесіне қарай тиісті шешім қабылданбақ.
Бұған дейін марқұмның адвокаты Талғат Есімов қорғауындағы адамның денсаулығына қатысты медициналық құжаттар ескерілмегенін айтып, өлімге салғырттық себеп болғанын алға тартқан еді.
Қылмыстық іс
Еске салайық, Жомарт Мурашимов жүргізуші куәліктерін заңсыз беру ісі бойынша басты айыпталушы болған. Тергеу деректеріне сүйенсек, 2023–2024 жылдары ол бастаған ұйымдасқан топ емтихансыз жүргізуші куәлігін рәсімдеу схемасын құрған. Әрбір құжаттың «құны» 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін жеткен.
Кемінде 500 адам заңсыз жүргізуші куәлігін алғаны анықталған. Бұл іс бойынша 15 күдіктіге қатысты тергеу жүргізіліп, шілде айының соңында іс сотқа жолданған еді.