Жаркент жұртының жанайқайы жоғары жетті. Жетісу облысының әкімдігі аталған даулы жағдайға шұғыл көңіл аударып, түсініктеме берді, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Бұған дейін бір топ жаркенттік тұрғын ел Президентінен көмек сұраған еді.
«2013-2014 жылдары бюджеттік қаражат есебінен «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында …. теңгеге «Бастаңғы несие» Кредиттік серіктестігі» мен «Жетісу» ӘКК» арасында келісім-шарт жасалған болатын. Осыдан кейін несиеге алынған қаражатты “Бастаңғы несие” кредиттік серіктестігі борышкерлерге таратып берген. Борышкерлер бюджеттік несиенің қайтарылуына кепілдік беретіні жөнінде жазбаша міндеттемелерге қол қойылғандығын еске саламыз», деді «Жетісу» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация төрағасының орынбасары Ермек Құсайынұлы Беделбеков.
Оның айтуынша, несиеге алынған қаражат бюджетке толық қайтарылған жоқ. Осыған байланысты 2015 – 2024 жылдар аралығында сот процестері жүргізіліп келді.
«Жетісу облысының Панфилов аудандық сотының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы шешімімен борышкерлердің есеп-шоттары, мүліктері бұғатталды, Қазақстан Республикасы аумағынан шығуға тыйым салынды.
Сот шешімімен келіспеген жағдайда борышкерлер жоғары инстанциядағы соттарға шағымдануға құқықтары бар. Бұл туралы тамыздың 1 және 19 күндері болған кездесулерде түсіндірілді», деді ол.
Айта кетейік, әлеуметтік жәрдемақы есеп шоттары бұғаттауға жатпайды, ал зейнетақы және әңбекақы есеп шоттарынан 50% -дан аспайтын сома ғана ұсталады. Егер осы есепшоттардан артық ұсталған жағдайда, сот орындаушыға арызбен жүгінуге болады.
«Ал борышкерлер айтып отырған құқық бұзушылықтар «Бастаңғы несие» Кредиттік серіктестігінде орын алғандықтан, құқық қорғау органдарына тиісті арыздар борышкерлер тарапынан және Жетісу ӘКК тарапынан да жазылған.
Қазіргі уақытта Панфилов аудандық полициясында қылмыстық іс қозғалып, қаралуда», деп қорытындылады ведомство өкілі.