Павлодар облысында кәмелетке толмаған балаға қатысты зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция күдіктінің ұсталғанын растады.
Әлеуметтік желілерде жәбірленуші қыздың анасынан бейнеүндеу тарады. Оның айтуынша, үш айға созылған тергеу отбасы үшін ауыр сынақ болғанымен, күдікті ұзақ уақыт бостандықта жүрген.
Павлодар облыстық полиция департаменті қылмыстың болғанын ресми түрде растады. Құзырлы орган өкілдері:
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Іс аяқталуға жақын, толық әрі жан-жақты тергеу қамтамасыз етіледі. Материалдар сотқа жолданады», – деп хабарлады.
Полиция қосымша ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін атап өтті.
Зардап шеккен қыздың отбасы істің толық тергеліп, сотқа жетуін күтуде.