Өңірлердегі журналистиканы өркендету және әріптестермен тығыз жұмыс істеу мақсатында еліміздегі стратегиялық маңызы зор әрі республикалық арнайы статусы бар Алматы қаласына Бас редакторлар клубының ресми өкілі бекітілді, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Қазақ журналистикасының талбесігі саналатын Алматыдағы медиажобаларды жүзеге асыру үшін белгілі медиаменеджер, «Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы Бас редакторлар клубының ресми өкілі болып тағайындалды.
Ержан Қалымбайұлы туралы
Ержан Қалымбайұлы – елімізге танымал журналистердің бірі. Ол түрік және ағылшын тілдерін меңгерген, Ыстамбұл университетінің (Түркия) докторанты.
Еңбек жолын Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде қатардағы тілші болып бастаған. Кейіннен «Қазақстан РТРК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы, «Жебе» және «Айқын» республикалық газеттері, «Хабар агенттігі» АҚ, «Qazaq radiosy», «Еларна» телеарнасы секілді түрлі ақпарат құралдарында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.
Сонымен қатар, ол – «ULYS» халықаралық диджитал журналы мен ulys.kz ақпараттық-сараптамалық сайтының негізін қалаушы әрі бас редакторы. Халықаралық ұйымдарда және мемлекеттік қызметте де тәжірибесі бар.
2023 жылдан бері «Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры қызметін атқарып келеді. Бұл компания құрамына «Almaty Aqshamy», «Вечерний Алматы» газеттері, сондай-ақ aqshamnews.kz, vecher.kz және alnews.kz сайттары кіреді.
Жаңа қызметке сәттілік!
Отандық медиа саласының дамуына, Алматыдағы журналистиканың өркендеуіне қосар үлесі мол болсын деген тілектестікпен, Ержан Қалымбайұлына жаңа қоғамдық қызметінде табыс тілейміз.
Жаңа қызметіңіз құтты болсын, Ержан Қалымбайұлы!