2025 жылғы 5 қыркүйекте Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Астана қаласындағы Назарбаев университетінде Қазақстан халқы тілдері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналған «Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі» тақырыбында республикалық конференция өтті, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Конференцияға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай, сондай-ақ, ғалымдар мен сарапшы мамандар қатысты. Еліміздің барлық өңірінен тіл саясатына жауапты мамандар мен білім басқармаларының өкілдері онлайн форматта қосылды.
Жиында ғылым, білім, технология, тіл саясаты және цифрлық даму салалары талқыланып, мемлекеттік тілдің заманауи ғылыми-цифрлық кеңістіктегі орны мен мүмкіндіктері қарастырылды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліндегі мәтінді дыбысқа айналдыруға арналған «TTS» (Text-to-Speech) жобасын таныстырды. Бұл бастама қазақ тілінің дыбыстық қорын жасанды интеллект экожүйесіне енгізіп, оны ғылым мен технология саласында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Қазақша дыбыс моделі халықаралық Hugging Face платформасында жарияланады.
Конференция аясында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесе отырып, «Ұлттық диктант» жобасын ресми түрде бастады. Жобаның мақсаты – жазу мәдениетін дамыту, сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру және тіл арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту. Диктант офлайн және онлайн форматта өткізіледі, оған кез келген азамат қатыса алады.
Конференцияның ресми бөлігі аяқталған соң қатысушылардың барлығы «Ұлттық диктантқа» қатысты. Диктантты белгілі диктор Қымбат Досжан жүргізді. Диктант мәтіні қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларынан таңдалды. Қатысушыларға баға қойылмайды, әркім өз сауаттылығын өзі тексереді.
Онлайн диктантты www.til.kz платформасындағы «Ұлттық диктант» парақшасында кез келген уақытта кез келген жерде жазуға болады. Қатысушыларға электронды алғыс хат пен KITAP платформасына тегін жазылым беріледі.
«Ұлттық диктант» қорытындысы жыл соңына дейін жарияланып, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі.