Орыстарға АҚШ визасын алу қиындай түсті. Бұдан былай туристік, оқу немесе жұмыс визасына үміткерлер сұхбаттан өту үшін Варшава немесе Астанаға баруға мәжбүр, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Американың Мемлекеттік департаменті визалық өтініштерді қарастыру тәртібін жаңартты. Енді Ресей, Беларусь, Ауғанстан және Солтүстік Корея сияқты 16 елдің азаматы өз елінде орналасқан АҚШ-тың дип.өкілдігінен визалық қызметті ала алмайды.
Аталған елдердің тұрғындары визалық сұхбаттан өту үшін басқа мемлекетке баруы тиіс.
2021 жылдың мамырынан бастап Мәскеудегі АҚШ елшілігі Кремль енгізген шектеудің салдарынан дипломатиялық емес визаны рәсімдеуді тоқтатқан еді. Сол кезден бастап ресейліктер Еуропадағы немесе Орта Азиядағы елдерге барып, виза алуға мәжбүр болды. Бұған дейін олар кез келген шетелдік АҚШ елшілігіне өтініш бере алатын.
Енді жағдай тіпті күрделене түсті. Мем.департаменттің жаңа тәртібіне сай, Ресей азаматтары АҚШ визасын тек Польшадағы (Варшава) немесе Қазақстандағы (Астана) дип. өкілдіктер арқылы ғана рәсімдей алады.
«Шешімнің нақты орындалуы да қиындық туғызады. Мәселен Польша орыстарға гуманитарлық жағдайларды қоспағанда, іс жүзінде виза бермейді. Варшаваға визалық сұхбаттасуға бару мүмкіндігі өте төмен.
АҚШ дипломаттары өз азаматтығынан тыс елде сұхбаттан өткен азаматтарға күту мерзімінің ұзақ болатынын да ескертіп отыр. Қазақстанға келер болсақ, Астанадағы АҚШ елшілігі алдағы уақытта орыстар үшін негізгі визалық орталыққа айналуы ықтимал», — деп жазады басылым.
Кремльдің басқыншылығынан кейін АҚШ елшілігі Ресейдегі жұмысын 75 пайызға қысқартып, Владивосток, Екатеринбург пен Петербордағы консулдықты жауып тастағаны белгілі. Халық саны көп, әрі соғыстан қажыған, әлемнің өзге елдеріне сүйкімі кеткен ресейліктердің ішінде ебін тауып Америкаға кеткісі келетіндер тым көп. Олар үшін АҚШ асудың ең тиімді жолы Астана. Яғни, қазақ еліне ағылатын орыстар саны күрт көбеймек. Бұл өз кезегінде пәтер жалдау мен пәтер бағасының өсуіне әкелуі мүмкін деп болжайды сарапшылар.
Ақпарат көзі: Ertenmedia
Фото: Ertenmedia