Алматыда самокат мінген жігіт тротуарда ескерту жасаған жаяу жүргіншіні ұрып, көзінен айырды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат порталы.
Алматыда қайғылы оқиға орын алды: ер адам жас жігітке тротуарда самокатпен жүргені үшін ескерту жасаған. Алайда ол жауап ретінде жәбірленушінің бетіне қатты соққы беріп, көзінен айырған.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Алмалы ауданында тіркелген.
— Қазір бұл дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Тергеу аясында істің мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу шаралары жүргізілуде, — деп хабарлады қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Полиция кінәлі тұлғаның заң аясында жауапқа тартылатынын атап өтті. Ал көзінен айырылған жігіттің танысы, қылмыскер тек бір аптадан соң ғана қолға түскенін айтты. Жәбірленушілердің сөзінше, сомакаттағы есерсоқ жолда жаяу жүргіншіні қағып өткен. Оған ескерту жасаған адамды арнайы кастетпен ұрғанда, қашып кеткен.