Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Алматы облысындағы Сорбұлақ кәріз суы көлінің қауіптілігіне алаңдап, Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Ол мәселені Үкімет деңгейінде шешуді талап етті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Депутаттың айтуынша, Сорбұлақ 37 жылдан бері Алматы қаласының кәріз сулары жиналатын орынға айналған. Жазда көлден шыққан жағымсыз иіс маңайдағы ауылдарды тұншықтырып, халық денсаулығына қауіп төндіреді.
«Су құрамында 31 түрлі химиялық заттар мен ауыр металдар бар, оның ішінде кадмий мөлшері қалыпты нормадан 4 есе көп. Кадмий ағзада жиналып, онкологиялық ауруларға әкелуі мүмкін», – деді Қасқарауов.
Сонымен қатар, көлге 750 млн текше метр лас су жиналып, сыйымдылық толуға жақын. Экологтардың айтуынша, топырақ тұрақсыз, егер нөсер жауын немесе зілзала болса, Сорбұлақ арнасынан асып кетуі мүмкін. Бұл жағдайда Ақши, Күрті ауылдары су астында қалуы ықтимал, ал Іле, Балқаш және Қапшағай су қоймалары ластануы мүмкін.
Депутат мәселені шешу үшін:
- Сорбұлақ суын тәуелсіз зерттеу үшін мемлекеттік комиссия құруды,
- Заманауи тазарту станцияларын салуды,
- Бұған дейін бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын тексеруді,
- Суармалы жерге пайдалануға мүмкіндік беретін жоба дайындауды ұсынды.
«Бұл – тек Іле ауданының емес, бүкіл Жетісу өңірінің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Сорбұлақ проблемасын Үкіметтің ерекше бақылауына алуды сұраймын», – деді депутат.
Фото: Мәжіліс