Президент бүгін екі ел жылнамасындағы тарихи күн екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
– Қазақстан Республикасы мен Конго Демократиялық Республикасы арасындағы қарым-қатынастар тың қарқын алуда. Ең алдымен, Президент Феликс Чисекеди мырзаны Қазақстанда алғашқы мемлекеттік сапармен қарсы алу – біз үшін үлкен құрмет. Конго Демократиялық Республикасы – Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Екі ел арасындағы байланыстар берік достық пен өзара құрметке негізделген. Қазақстан Конго Демократиялық Республикасымен түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Ықпалдастықты ерекше серпінмен тереңдету үшін барлық мүмкіндік бар. Жоғары деңгейдегі саяси ниетіміз – ортақ, сауда-экономикалық әлеуетіміз – мол, мәдени-гуманитарлық саладағы мақсат-міндеттеріміз бір. Бүгінгі келіссөз қорытындылары – осының айқын дәлелі. Біз өзара қолдау мен түсіністік рухында екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге уағдаластық. Екі елдің мүддесіне сай келетін маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Халықаралық сахнадағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға келістік. Жаһандық қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде күш-жігерімізді жұмылдыруға ниет білдірдік. Жалпы, Астана мен Киншаса арасындағы сан қырлы серіктестіктің әлеуеті мол, болашағы зор деп айтуға толық негіз бар, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Феликс Чисекедидің осы игі іске қосып отырған тарихи үлесіне жоғары баға берді. Сондай-ақ оны халқының қолдауына арқа сүйеп, елін алға бастаған нағыз көшбасшы деп білетінін мәлімдеді.
– Конго Демократиялық Республикасы айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, халықаралық сахнада беделін нығайтуда. Еліңіздің экономикасы өсіп келе жатыр. Сіздің бастамаңызбен түрлі салада тың жобалар табысты жүзеге асуда. Бұл жетістік – Сіздің арқаңыз. Сіздің басшылығыңызбен еліңіз бұдан да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін. Осы мақсат-мұраттарға жету жолында Қазақстан еліңізді қолдауға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасының ынтымағын арттыруға, елдеріміз арасындағы достықты бекемдеуге, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Феликс Чисекедиді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын айтты.
– Бұл – қазақ елінің Сізге деген ерекше құрметі және шынайы ризашылығы, халқыңызға көрсеткен ыстық ықыласы. Сіз Африка елдерінің жоғары басшылары арасындағы осындай құрметті марапат алған тұңғыш саясаткер болдыңыз, – деді Президент.
Фото: Ақорда