Бүгінгі Мәжіліс отырысында депутат Ардақ Назаров ресми сөзін бастамай тұрып, анасының туған күні екенін айтып, мінберден құттықтау жолдады. Бұл әрекет қоғамда қызу талқыға түсіп, түрлі пікірлер айтылуда, деп хабарлайды Todayinfo.kz агенттігі.
Саяси сарапшы, танымал журналист Нұргелді Әбдіғани бұл қадамды орынсыз деп бағалап, оны «показуха» деп атады.
«Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса аптасына бір, ең болмаса айына бір, өзіңнен есеп ал!» дейді ғой Абай Хәкім. Ардақ Назаров дейтін депутат Мәжіліске келгелі өзінен есеп алды ма екен? «Мен не істеп жүрмін? Не тындырдым? Неге жұрттың күлкісіне қала бердім?» деген сауалдарға жауап іздеді ме екен?», – дейді журналист.
Мәжіліс – еліміздің ең басты заң шығарушы органы. Мұнда айтылатын әрбір сөз, көтерілетін әр мәселе халықтың мүддесіне сай болуы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, депутаттың ресми жиында жеке өмірге қатысты мәлімдеме жасауы мемлекеттік органның беделін түсіруі мүмкін.
«Қазіргі Мәжілісте кәсібі, білімі мен білігі жеткілікті депутаттардың қатарында әртүрлі адамдар жүр. Бірі – «данагөй» болып көрінем деп күлкіге қалып жүр, енді бірі – ұлттық құндылықтарды қорғауда «показуха» жасап тыраштанып жүр. Тағы бірі – «ақшаға тұсау кескенін» көрдік. Солардың қатарында Ардақ Назаровтың соңғы әрекеттері қоғамның сынына жиі ілігуде», – дейді Нұргелді Әбдіғани.
Ал белгілі PR менеджері, қаржыгер Ербол Азанбек депутат Назаровты мазаққа айналдырды.
«Құрметті, төраға, әріптестер! Осында отырған барлық азаматтың өмірден өткен туыс, таныстары бар. Өмір болған соң онсыз болмайды. Депутаттық сауал жолдаудың алдында біраз адамға көңіл айтып, дұға бағыштауға рұқсат етсеңіз. Нәзік жанды әріптестер орамал тартып отырсаңыздар. Рахмет!», — деп кекетті ол.
Фото: коллаж Todayinfo.kz