Мәжіліс отырысында анасын туған күнімен құттықтаған депутат Ардақ Назаровтың әрекеті әлі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Халық қалаулысының әрекетін сынап, отставкаға кетуін талап етіп жатқандар толастар емес, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Журналист Ержан Төлек Мәжіліс мінберінде депутаттың анасын құттықтау әрекетіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай қадам – жеке сезімді ұлт мүддесінен жоғары қоюдың белгісі.
«Күй атасы Құрманғазы тұтқында жүріп, анасын сағынған кезде көз жасын көрсеткенде, анасы «Дұшпанға көз жасыңды көрсетпе!» деп шапалақпен тоқтатыпты. Кейін атақты ‘Қайран шешем’ күйі дүниеге келген. Біздің аналарымыз осындай қайсар болған. Ал Парламенттегі депутат ел сенімін арқалай отырып, жоғары мінберден жеке сезімін айтып, оны одан әрі өршітуі – әлі есеймеген адамның әрекеті», – деді ол.
Ержан Төлек ел мүддесін жеке өмірден жоғары қоятын, отбасы мен қоғам мәселесін шатастырмайтын азаматтар керек екенін атап өтті.
«Құрманғазыны тәрбилеген ер аналар керек! Елінің мүддесін ойлайтын жерді отбасы, ошақ қасымен шатастырмайтын нағыз азаматтар қажет! Бұдан осыны түйіп, әрекет етсек асыл! Ал анасын аңсаған, ауызынан емшек сүті кеппеген баланы босатқан дұрыс, қиянат қой, анасымен бірге болсын, әйтпесе бұл вирус секілді өзгелерге тез жұғуы мүмкін», — деді ол.
Жәнібек Иманмәзір есімді желі қолданушысы Талғарда орын алып жатқан қанды оқиғаларға жақ ашпастан, Мәжілісті «Сазды әуен» бағдарламасына айналдырғанын айтады.
«Талғарда болған қанды трагедияға араласпады. Өзі Талғар қаласының атынан депутаттықа түскен еді . Бұл жерде Талғар қаласының халқы ,Ардақтан Талғар жайлы үн шығаруын үндеген еді. Бірақ өзін сайлаған Талғарлықтардың сөзін елемеді . Мәжіліс орны,өз анасын туған күнімен құттықтайтын «Қалауым» сияқты ойына келгенді оттайтын орын емес. Сондықтан жаппай Назаровтың мәжілістен кетуін талап етейік», — деп жазды ол.
Назаров жұмыстан босасам «анашамның тізесіне басымды қойып жатар едім» деген. Халық оның депутаттық мандатын қайтарып, қинамай, ұстамай анасына қайтаруды талап етуде.
«Ай мына бала елдің қамын ойлап жарытпас», «Парламенттен кетсін», «Біз депутат етіп кімді сайлағанбыз?», — деп жазды көпшілік.