Алматы облысында 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуда. Өңірде қазандықтар мен жылу желілеріне жөндеу жүргізіліп, жаңа қазандықтар салынуда, көмір мен сұйық отын жеткізіліп жатыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Орталықтандырылған жылумен қамту Іле, Талғар, Балқаш, Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарында, сондай-ақ Қонаев пен Алатау қалаларында жұмыс істейді. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 176 шақырым. Облыста 18 қазандық пен жалпы жылу қуаттылығы 457,5 Гкал болатын 66 блок-модульді қазандық бар.
2065 көпқабатты тұрғын үйдің 1371-і (66,4%) жылумен қамтылған. Әлеуметтік салада 51 нысан (4,7%) орталықтандырылған жылумен жабдықталған. Қалған нысандар автономды қазандықтар мен баламалы отын түрлерін пайдаланады: газ – 29,7%, сұйық отын – 36,8%, қатты отын – 23,8%.
Дайындық жұмыстары мамыр айында басталған. Халық пен әлеуметтік нысандарға отын жеткізу көлемдері бекітілген. Халықтың көмірге қажеттілігі – 696 мың тонна, ал әлеуметтік нысандарға 13,4 миллион литр сұйық және 4,6 мың тонна қатты отын қарастырылған. Бүгінде жеткізу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.
Жылу және электр желілері жаңартылып жатыр. Суық түскенге дейін 2,7 шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланған, оның 83%-ы қазірдің өзінде жаңартылды. Барлығы 18 орталықтандырылған және 81 блок-модульді қазандық дайындалады, оның ішінде 15-і жаңа. Еңбекшіқазақ ауданында 3, Талғар ауданында 12 блок-модульді қазандық салынды.
Сонымен қатар, 30 қазандық жөндеуден өтті, оның ішінде 5-і күрделі, 25-і ағымдағы жөндеуден өтті.
Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту басым бағыттардың бірі болып қала береді. 148 қосалқы станса мен 1 626 шақырым электр желісін қайта жаңарту жоспарланған. Оның ішінде 391 шақырымы бюджет есебінен (Алатау, Іле және Талғар аудандарында), ал 1 235 шақырымы энергия кәсіпорындарының қаражаты есебінен, соның ішінде «АЖК» АҚ тарапынан қаржыландырылады. Бұл жобаларды іске асыру желілердің тозу деңгейін 72%-дан 66%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Дайындық пен іске қосу-реттеу жұмыстары биылғы жылдың қазан айына дейін толық аяқталмақ.
Фото: gov.kz