Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Палестинаның тәуелсіздігін қолдайтын және қақтығысты «екі мемлекет» қағидаты негізінде реттеуді көздейтін декларацияны мақұлдады. Құжат үшін 142 мемлекет дауыс берді, оның ішінде Қазақстан да бар. Қарсы болғандар — 10 ел, олардың қатарында АҚШ пен Израиль бар. Ал 12 мемлекет қалыс қалды, деп хабарлайды Todayinfo.
Резолюция шілде айында Сауд Арабиясы мен Францияның бастамасымен өткен халықаралық конференцияның қорытындысы ретінде қабылданды. Декларацияда Газадағы соғысты тоқтату, әділ әрі ұзақмерзімді бейбіт келісімге қол жеткізу үшін бірлескен шаралар қабылдау қажеттігі айтылған. Сондай-ақ ХАМАС-тың Газадағы билігін тоқтатуы тиіс екені көрсетілген.
Құжатта 7 қазанда ХАМАС жасаған бейбіт тұрғындарға шабуылдар, сондай-ақ Израильдің азаматтық инфрақұрылымға соққы беруі, блокада мен аштық салдарынан туындаған ауыр гуманитарлық дағдарыс қатаң айыпталды.
Израиль Сыртқы істер министрлігі бұл шешімді «шынайылықтан алшақ саяси цирк» деп бағалап, резолюцияда ХАМАС-тың террористік ұйым екендігі мен соғысты жалғастыруға жауапкершілігі мүлде айтылмағанын мәлімдеді.
Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон қыркүйекте өтетін Бас Ассамблея отырысында Палестинаны ресми түрде мойындайтынын хабарлаған еді.
Фото:Shutterstock/Volodymyr TVERDOKHLIB