Түркістан облысында әкесін қатыгездікпен өлтірген ұлы мен келінінің жаза мерзімі белгілі болды, деп хабарлайды Todayinfo.
Түркістан облысы Шардара ауданында сырқат қарияны туған ұлы аяусыз ұрып-соққан. Қарттың ауыр халде жатқан сәті бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде тараған соң, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қария алған жарақатынан көз жұмды.
Кейіннен марқұмның ұлы ауылға белгілі асаба Алмас Садақбаев екені анықталды. Желідегі ақпаратқа сәйкес, ол мешітте азан салып та жүрген. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оқиғаға байланысты облыстық Полиция департаменті ресми ақпарат таратты.
Бастапқыда тек ұлына қатысты іс қозғалғанымен, кейіннен тергеу барысында келіні де күдікке ілінді. Тергеушілердің мәліметінше, оның қайын атасының өліміне жанама түрде қатысы бар.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, Алмас Садақбаевқа ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан») бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал келінінің әрекетіне қатысты ҚР ҚК-нің 109-1-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы («Дәрменсіз күйдегі немесе тәуелді адамға қол жұмсау») бойынша іс қозғалды. Егер оның кінәсі дәлелденсе, 3 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Полиция департаменті алдын ала тергеу жүріп жатқанын, барлық мән-жай толық анықталған соң заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатынын хабарлады.