Жамбыл облысы, Шу ауданына оқушы өлімі орын алды. Көкқайнар ауылында жасөспірімдер жаппай төбелескен, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің дерегінше, қылмысқа қатысы бар адамдар ұсталған, қазір тергеу басталған.
«2025 жылдың 13 қыркүйегінде Шу ауданының полиция бөліміне 15 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірімнің қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, 2025 жылдың 12 қыркүйегінде шамамен сағат 20:00-де Көкқайнар ауылындағы спорт алаңында бір мектептің 10–11 сынып оқушылары арасында футбол ойыны кезінде ойын нәтижесіне байланысты жанжал туындап, сол кезде жоғарғы сынып оқушысы 10-сынып оқушысына дене жарақатын салған. Алған жарақатынан жасөспірім есін жоғалтып, жерге құлаған», — делінген ақпаратта.
Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы жәбірленушінің қайтыс болғанын тіркеді.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
Сонымен қатар білім басқармасы тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып, психологиялық көмек көрсетілуде, профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен арнайы комиссия құрылды.