Елдос Қоспаев басқарған қылмыстық топ бірнеше жыл бойы алкоголь бизнесіндегі табысты компанияларды рейдерлік әдістер арқылы басып алып, заңсыз жолмен байлық жинаған деп хабарлайды Todayinfo Ertenmedia— ға сілтеме жасап.
Атышулы топтың нысанасына ең алдымен Алматыдағы ірі кәсіпорынның бірі Profit Trade Group іліккен.
Компания қожайыны, кәсіпкер Видади Ахмедовтың тұрақты табысына көзі түскен Қоспаев, кәсіпті иемденудің жоспарын алдын ала құрады.
Арнайы адамын ішке енгізіп, бизнестің ішкі есебін, табыстың нақты ауқымын мұқият зерттеп, барлау жұмыстарын жүргізген.
Артынша Ахмедовпен кездескен Қоспаевтың адамдары «іскерлік әріптестік» ұсынған. Алайда ұсыныстың астарында қорқытып-үркітіп, күш көрсетумен компанияны түгел тартып алу ниеті жатты. Өміріне қауіп төнгенін сезген Ахмедов ақыры өз кәсібін еріксіз беруге мәжбүр болады.
Бұған дейін кәсіпорынға енгізілген Қоспаевтың сенімді адамы Камардин Алымов компанияны бірден қылмыстық топтың мүддесіне орай басқаруға көшкен.
«Компания басшылығы мен құрылтайшылары бастапқыда қарсыласуға тырысты. Бірақ бұның соңы жақсылыққа апармайтынын сезді. Ахмедовты толық «шеттеткеннен» кейін, 2018 жылдан бастап компанияның кіріс-шығысын Қоспаев жеке өзі бақылауға алды. Кәсіпорын ресми түрде ішімдік сатумен қатар, жасырын жолмен, салықтан жалтарып, қара бухгалтерия жүргізген», – дейді Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеушісі Сергей Өңгірский Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.
Осындай қылмыстық жолмен тапқан қаражатқа қымбат көліктер, элиталы мүліктер, соның ішінде AV-Construction тұрғызған кешендерден пәтерлер сатып алынған. Байлықтың бір бөлігі шетелге де шығарылған.
Әлгі әдіс Қоспаевтың көңілінен шығып, бизнесін одан әрі кеңейтуді көздеген.
Осылайша қылмыстық топ Қазақстанның батыс өңіріндегі алкоголь саудасын бақылауға кіріседі. Көздеріне атыраулық кәсіпкер Александр Азовский түседі. Қоспаев оған да дәл осы сценариймен мәжбүрлі «серіктестік» ұсынып, «Azovito-Ақтау» және «Azovito-Атырау» компанияларын құруға көндірген.
«Азовский бизнесті жолға қою үшін өз қалтасынан 400 млн теңге салған. Қоспаев ештеңе жұмсамағанымен, компанияның табысы жүздеген миллион теңгеге жеткен. Бұл компаниялар да заңсыз жолмен алкоголь сатуға тартылды. Азовский мұндай заңсыз әрекеттен бас тартып, өз үлесін сатып кетпек болған. Бірақ Қоспаевпен кездесуден соң ешқандай өтемақысыз, тегін беруге мәжбүр болды», – дейді Өңгірский.
Тергеушінің айтуынша, жәбірленушілердің ешқайсысы да полицияға арыздануға бата алмаған. Қоспаевтың адамдары кез келген наразылықты «өз тілдерімен» реттеп отырған. Осылайша, қорқытып-үркіту арқылы бүкіл өңірді бақылауға алған Қоспаев тобына қарсы тұру мүмкін болмаған.
Кейін тергеу амалдары мен сот процестері ұзақ жылдарға созылып, бизнес тек соңғы уақытта ғана кәсіпкерлерге қайтарылған.
Коллаж: Ertenmedia