Қарағанды облысында 2025 жылдың соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 1500-ге жуық азаматқа жаңа пәтер беріледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Саян Мұратұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Қанша пәтер беріледі?
Биыл аймақта 1488 пәтер тапсырылады:
-
155 — арендалық;
-
230 — несиелік;
-
1000-нан астамы — әлеуметтік осал топтарға арналған.
Балқаш, Абай және Шахтинск қалаларында төрт көпқабатты несиелік үйдің құрылысы аяқталмақ. Ауылдық жерлерде екі, төрт және алты пәтерлі шағын үйлер салынып жатыр.
Әлеуметтік нысандар да бой көтеруде
Тұрғын үймен қатар әлеуметтік инфрақұрылым да дамуда:
-
92 жаңа медициналық нысан (амбулатория, фельдшерлік пункт, акушерлік бекет) салынуда;
-
Балқашта ангиографиялық операциялық ашылады, сонымен қатар жаңа үлгідегі өрт депосы тұрғызылып жатыр;
-
Қарағандыда жас мамандарға арналған жатақхана дайындалуда;
-
Балаларға арналған спортзал, бассейн, монша бар әлеуметтік орталықтың құрылысы жүріп жатыр.
Жаңа мектептер мен спорт кешендері
«Комфортты мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл төрт мектеп пайдалануға берілді, тағы алты мектеп жыл соңына дейін тапсырылмақ. Сонымен қатар:
-
Бухар-Жырау ауданында — Мәдениет үйі;
-
Қарқаралы ауданында — стадион;
-
Шет ауданында — бассейн;
-
Өңір бойынша бес ФОК салынып жатыр.
Алдағы жоспар
Алдағы жылдары Қарағанды облысында ірі жобалар жүзеге асады:
-
200 орындық перинаталдық орталық;
-
ТЖ қызметіне арналған оқу-жаттығу кешені;
-
Майқұдықта 600 орындық мектеп пен шығармашылық орталығы;
-
Қарағанды, Приозерск және Балқашта балабақшалар.