Өскеменде прокурорлар өзара қырқысып жатыр. Қаланың бас прокурорының үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Есеп айырысудың соңы төбелеске ұласқан. Өскеменнің бас прокуроры қол астындағы қызметкерлерін ұрып-соқты деген күдікпен тексерілуде. Ertenmedia сайтының жазуынша, 31 тамыздан 1 қыркүйекке қараған түні, сағат екілер шамасында қалалық прокуратура қызметкерлері шұғыл дабылмен көтерілген.
Төтенше жағдай орын алды деп ойлаған прокурорлар, шұғыл жиналудың себебін басшылықтың өзі ойлап тапқанын кейін білген. Жалған дабылдың ұйымдастырушысы Өскемен қаласының прокуроры Тимур Шақпантаев деген мәлімет тарады.
Шақпантаев прокуратура қызметкерлері Ирков пен Меренбаевты кабинетіне шақырып алған. Әңгіме соңы жанжалға ұласып, бас прокурордың қол жұмсауымен аяқталған көрінеді.
Таңертең жәбірленушілер полицияға шағым түсірген. Осыдан кейін Тимур Шақпантаев қызметінен уақытша шеттетіліп, іс бойынша прокуратураның ішкі қауіпсіздік басқармасы тексеру бастағаны туралы ақпарат пайда болды.
Бейресми дерек бойынша, бас прокурорға қатысты Қылмыстық кодекстің 109-бабы («Ұрып-соғу») бойынша қылмыстық іс қозғалған. ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі бұл ақпаратты растамағанымен, жоққа да шығармады.
«Өскемен қаласының прокурорына қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр. Құқық қорғау қызметі туралы заңға сәйкес, түпкілікті шешім қабылданғанға дейін ол уақытша қызметінен шеттетілді», – деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, осы оқиға бойынша басқа да қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
«Өскемен прокуратурасының өзге де қызметкерлеріне қатысты осыған дейін де қызметтік тексерулер жүргізілген. Кейбір деректер ішінара расталды. Соған сәйкес, бірқатар қызметкер қызметтік этиканы бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – делінген прокуратура мәлімдемесінде.