Фото: видео скриншот
Әлеуметтік желіде Амантай қажының Алматының ортасында сурет салғанын фотоға түсіріп алған адам оны әкімшілік жауапкершілікке тартуды талап етіп, жазба жариялады, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
«Мынаның есі дұрыс па? Райымбек-Сейфуллин көшелерінде жөндеуден өткен көпірге келіп, тапа-тал түсте еш ұялмай, мәнсіз карикатура салып, бүлдіріп кетті. Бұндайларды әкімшілік жұмысқа жегу керек. Өз жұмысын өзі жусын», — деп жазды желі қолданушысы.
Бұл фактіге қатысты Алматы қаласы полиция департаменті пікір білдірді.
«Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері осы факті бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде қажетті шаралар жүргізді. Құқық бұзушы қаланы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылып, онымен профилактикалық әңгімелесу өткізілді. Қала көшелерінің сақталуы мен тазалығы — ортақ жауапкершілік. Азаматтарды қоғамдық тәртіп нормаларын құрметтеуге және қала келбетіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырамыз. Біз бірлесіп Алматының тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз», – делінген хабарламада.
Айта кетсек, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын қиратып, қалалар мен елді мекендердің жасыл екпелерін жою және зақымдау» ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.