Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаһарына мінді. Қала әкімі Алматының астаң-кестеңін шығарған аудан басшылары мен мемлекеттен миллиард алған компанияларды жаппай жазалап жатыр, деп хабарлайды Todayinfo.
Жол төсемінің шөгуі мен жиектастың негізсіз ауыстырылуына байланысты Әуезов пен Медеу аудандарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады
Алматыда Бостандық ауданы әкімінің орынбасары мердігер жұмысына тиісті бақылау жүргізбегені үшін қызметінен қуылды.
«Алматы әкімі қаладағы жол төсемінің жуырдағы шөгуі мен жекелеген учаскелерде жиектастың негізсіз ауыстырылуы мәселесін бақылауда ұстап отыр. Дархан Сатыбалды Әуезов ауданындағы Аманжол және Яссауи көшелеріндегі асфальттың шөгуі, Ерменсай шағынауданында траншеялардың шайылуы, сондай-ақ Бостандық ауданындағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит плиталардың ұрлануы деректері бойынша қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды», — деді қаоа әкімінің баспасөз хатшысы Ильзат Акчурин.
Жекелеген аумақтарда мердігер ұйымдардың жұмысын тиісінше бақыламау салдарынан орын алған жағдайға байланысты: нөсер кезінде Аманжол көшесінде жол төсемі шөгіп (сумен жабдықтау және кәріз желілерін тарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын «Спецстрой Групп ЛТД» ЖШС орындаған), 13 автокөлік зақымдалды. Сондай-ақ Яссауи көшесінде асфальт опырылған (ұзындығы 2,8 км болатын кәріз желісін «Спецкоммунстрой» мердігер ұйымы салған). Осыған байланысты Әуезов ауданы әкіміне қатаң сөгіс жарияланды.
«Бұдан бөлек, Ерменсай шағынауданында инженерлік коммуникациялар тарту үшін қазылған траншеяларды қатты су ағыны шайып, автокөліктердің қозғалысына кедергі келтірген учаскеде («SGGroup Сапа Строй» ЖШС жұмысы), сондай-ақ әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшесіндегі жерасты өткелінде гранит плиталарды негізсіз ауыстыру жұмыстарына бақылаудың болмауына байланысты Бостандық ауданы әкімінің болмауына орай оның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және абаттандыру саласына жетекшілік ететін орынбасары қызметінен босатылды», — деді ол.
Мердігер ұйымды бақылауда кемшілік жібергені үшін – Медеу ауданы әкіміне де қатаң сөгіс жарияланды. Уәлиханов бульварындағы жиектасты заңсыз шешіп алып, плиталарды облыстағы жеке үйге жеткізу оқиғасы қоғамда үлкен наразылық туғызды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар, қала басшысы Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту және іргелес аумақты абаттандыру жобасын орындап жатқан «Павлодар өзен порты» АҚ мердігер ұйымының жұмысындағы кемшіліктерге қызметтік тексеріс жүргізуді және оның себебін анықтауды тапсырды. Осыған байланысты жобаның тапсырыс берушісі – Экология басқармасының басшысына сөгіс жарияланды. Әкім сондай-ақ Полиция департаменті бастығына Үлкен Алматы жағалауынан гранит плиталардың ұрлануына қатысты қылмыстық іс тергеуінің нәтижелері бойынша есеп беруді тапсырды.
Бұдан бөлек, Дархан Сатыбалды қысқа мерзімде жобалардағы анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды. Сондай-ақ ГАСК-қа мердігер ұйымдардың және техникалық қадағалау қызметінің жұмысын қайта тексеру міндеттелді. Егер бұл мердігер ұйымдардың жұмыстарын адал орындамағаны расталса, қатаң шара қолданып, айыппұл салынбақ.
Фото: gov.kz