НАТО-ға мүше мемлекеттер Эстония әуе кеңістігінің бұзылуына байланысты келесі апта басында консультациялар өткізеді. Бұл туралы Солтүстік Атлантикалық альянс өкіліне сілтеме жасап dpa хабарлады, деп жазады Todayinfo.kz DW-ге сүйеніп.
Толығырақ
Эстония билігі 19 қыркүйек күні үш ресейлік МиГ-31 жойғышы Вайндло аралы маңында әуе шекарасын бұзды деп мәлімдеді. Осыған байланысты Ресейдің уақытша сенім білдірілген өкілі Эстония СІМ-не шақырылып, нота тапсырылды.
Эстония қорғаныс министрі Ханно Певкур:
«Ресей тағы да біздің әуе кеңістігімізді бұзды. Сондықтан үкімет одақтастар арасында консультациялар бастауды ұйғарды», – деді.
Бұл консультациялар НАТО шартындағы 4-бапқа сәйкес өтеді. Ол бойынша егер қандай да бір мемлекеттің аумақтық тұтастығына, тәуелсіздігіне немесе қауіпсіздігіне қауіп төнсе, альянс елдері бір-бірімен кеңесуі тиіс.
Эстония сыртқы істер министрі Маргус Цахкна:
«Бұл оқиға биылғы төртінші рет қайталанып отыр. Ал үш жойғыштың бір мезетте шекараны бұзуы – бұрын-соңды болмаған сорақылық әрі Мәскеудің агрессиясының айқын дәлелі», – деді.
АҚШ президенті Дональд Трамп та пікір білдіріп, көмекшілерінен толық ақпарат күтетінін айтты:
«Маған бұл ұнамайды. Мұндай нәрселер үлкен мәселеге айналуы мүмкін», – деді Ақ үй басшысы.
Ресейдің жауабы
РФ Қорғаныс министрлігі ұшақтар тек жоспарлы ұшуды орындады деп мәлімдеді. Олар Карелиядан Калининград облысына бағыт алғанын, ал полет халықаралық ережелерге сай жүргізіліп, басқа елдердің шекарасын бұзбағанын алға тартты.