19 қыркүйек күні Алматы қаласында 2007 жылы туған қызға қатысты ауыр қылмыс жасалғаны белгілі болды. Оны такси жүргізушісі зорлады деген күдік бар. Бұған дейін күдікті қызға қырындап жүрген. Бұл туралы «НеМолчи» қоры Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Todayinfo.
Бұл оқиғаға байланысты «НеМолчиKZ» қоры дабыл қақты. Қордың Instagram парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, полиция қызметкерлері дер кезінде әрекет етпеген. Жәбірленуші табылғаннан кейін құқық қорғау органдары оны бес сағат бойы тергеген, бірақ істі әр бөлім бір-біріне сілтеп келген. Тек прокурор араласқаннан кейін ғана тергеу басталған. Алайда сараптама жүргізу туралы өтініш бастапқыда қанағаттандырылмаған.
Қордың айтуынша, қажетті сараптама тек бүгін ғана жасалатын болған. Сонымен бірге, түнде келген мемлекеттік адвокат қызды қорғаудан бас тартып, сараптаманы күтпестен кетіп қалған.
«НеМолчиKZ» қоры бұл іске Бас прокуратураның тікелей араласуын талап етіп отыр. Олар күдіктіні дереу қамауға алуды және жәбірленушінің құқығын толық қорғауды сұрайды. Қордың мәлімдеуінше, күдікті такси жүргізушісі болғандықтан, Алматыдағы әрбір қыздың қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін.
Сонымен қатар, қор өкілдері Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми жауабын күтетіндерін жеткізді.
Фото: Freepik