Маңғыстау облысында 18 жастағы сарбаз әскердегі әлімжеттіктен соң психиатриялық орталыққа түсті. Бұл туралы оның анасы Лаура Шынтемирова мәлімдеді.
Әйелдің айтуынша, баласын Бейнеу ауданындағы №99116 әскери бөлімінде соққыға жығып, қинаған. Кейін командирлер оны жасырын түрде психиатриялық ауруханаға жіберген. «Маған командир хабарласып, «жүрегі мен бүйрегінде проблема бар, дәрігерге апарамыз» деді. Ал шын мәнінде, ұлымды психбольницаға жатқызып қойған. Басқа ата-аналардан естімесем, мүлдем білмей қалар едім», – дейді Шынтемирова. Сарбаздың өзі туыстарына бөлімде әскерилерді ауыр жұмысқа жегетінін, тіпті әжетханада қорлайтынын айтып үлгерген. Анасының сөзінше, ұлын жеке үй құрылысына да жұмсап, кірпіш тасытқан.
Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мади Тоқанов та жағдайды растады. Оның сөзінше, клиникаға суицидке бейімділіктің белгілері бар үш әскери жеткізілген.
«Олардың қолдарында жарақат іздері болды. Қазір олармен психологтар мен психотерапевттер жұмыс істеп жатыр», – деді ол. Осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс басталды.