26 қыркүйек күні Есіл ауданында Қарттар күні мерекесіне арналған ерекше спорттық шара ұйымдастырылды. «Қариясы бар ауылдың – дариясы бар» атты тақырыппен өткен шахмат турнирі зейнеткерлер арасында қызықты әрі тартысты өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Турнир концерттік залда салтанатты түрде ашылды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Искиндиров Жанарбек Мұратұлының жетекшілігімен «Сағыныш сазы» ансамблінің солистері қарияларымызға жарыс алдында көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ән шырқап шараны әуенмен әрледі. Ашылу салтанатынан кейін сайысқа қатысушылар арнайы бөлмеге өтіп өзара жарысты бастады.
Бұл игі бастамаға Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы қолдау көрсетіп, Есіл аудандық ардагерлер кеңесі бірлесіп ұйымдастырды. Турнирдің негізгі мақсаты – ардагерлердің белсенді өмір салтын насихаттау, олардың қоғамдағы рөлін дәріптеу және қарттарға мерекелік көңіл-күй сыйлау болды.
Есіл ауданы бойынша мәдени көпшілік іс шаралар жұмыстарын ұйымдастырушысы, Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» қызметкері Абубакирова Гульшат Алиевна аталмыш жарысқа қатысты пікір білдірді.
“Жалпы Астананың алты ауданында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» бар. Орталыққа қызығушылық танытатушылар өздеріне жақын ауданды таңдап құндылық алады. Соның бірі «Қарттар күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған шахматтан турнир. Белсенді Нұрымов Ерғалым ағамыз Есіл ауданында осы орталық құрылғалы бері шахматты дәріптеумен айналысып жүр. Шахматшыларды жанына жинақтап, оларды ойынға баулып, үйретіп, өзі турнирлер ұйымдастыруға ат салысып келеді. Астана қаласының Спорттық іс-шара өткізу дирекциясы бізді осындай шараларды ұйымдастыру кезінде қолдау көрсетеді. Қарияларымыз шахмат ойнауға тұрақты түрде белсенді қатысады десек артық айтпаймыз. Олардың қызығушылығы өте жоғары.
Орын алған ағаларымыз біздің тұрақты келушілер. 1 және 3 орын алған жеңімпаздарымыз шахмат ойынының нағыз шеберлері болса, 2 орын алған Алмабек ағамыз «Есіл толқындары» халықтық ансамблдің әншісі, өзі тенниске барғанды да жақсы көреді. Жанұясымен спортқа құмар. Кез келген сайысқа жанұясымен бірге белсенді қатысатын азаматтың бірі.
Тағы бір байқағаным кешегі шарада қарттарымыз әдеттегіден көңілді жүрді. Барлығы костюм-шалбар киіп, мерекеге дайындалғандай келіпті. Бұл біздің қолдан қарттарымызға қуаныш сыйлау келгенін, құштарлықтарын оята алғанымыздың дәлелі”, — деді ол.
Шахмат додасына Есіл ауданынан барлығы 11 қария қатысты. Қатысушылардың барлығы ойынды үлкен қызығушылықпен ойнап, өз шеберліктерін паш етті. Турнир барысында жылы жүздесулер мен достық рухтағы бәсекелестік ерекше атмосфера қалыптастырды.
Шахмат клубының президенті, зейнеткер Нұрымов Мерғалым жарысқа әділ қазылық жасап, қатысушыларға қолдау білдірді.
Жарыс қорытындысы бойынша:
•1-орынды – Тастанов Сәрсенбай иеленді;
•2-орынды – Бердіғалиев Алмабек жеңіп алды;
•3-орынға – Урналиев Каримолла лайық деп танылды.
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, мұндай турнирлердің ардагерлер арасында жиі өтуі қажеттігін атап өтті. Бұл күн қариялардың мерейін үстем етіп қана қоймай, олардың белсенді әрі қуатты өмір сүретініне дәлел болды.