Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы АҚШ сапары қоғамда түрлі пікір туғызды. Сапардың ресми күн тәртібі қарапайым көрінгенімен, дипломатиялық тұрғыдан астарлы тұстары аз емес. Осы үстіне мемлекет басшысы сапардан келе сала СІМ, ҚР АҚШ-тағы елшісі, бірқатар кеңесшілердің бәрін жұмысынан босатты. Бұл жазбада екі күндік сапардың мән-маңызы, кадрлық ауыс-түйістермен байланысы және Қазақстан дипломатиясының осал тұстары туралы айтып көрейік.
Өзбекстан мен Қазақстанның айырмашылығы
Сол күндері көрші Өзбекстан президенті АҚШ-қа барып, Дональд Трамппен тікелей кездесуге мүмкіндік алды. Бұл – Ташкенттің дипломатиялық аппаратындағы белсенділіктің, ықпалды лоббистік арналардың жұмыс істеп тұрғанының айқын көрінісі.
Ал Қазақстан басшысы Трамппен жүзбе-жүз кездесудің орнына тек телефон арқылы сөйлесті. Ресми кездесулердің аясында бір ғана министр және ІТ компанияларының басшыларымен жолыққан Тоқаевтың бағдарламасы аймақтық әріптесімен салыстырғанда әлдеқайда қарапайым болды. Оның үстіне мемлекет басшысы БҰҰ мінберінде сөйлеп тұрған сәтте залдың тең жартысынан астамы бос тұрған.
Қазақ дипломатиясының әлсіз тұсы
Мұндай контраст бір ғана факторға тірелмейді. Бұл жерде екі негізгі институттың рөліне назар аудару қажет:
-
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі – негізгі келіссөздер мен дипломатиялық арналарды үйлестіруге жауапты орган.
-
АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі – лоббистік және ұйымдастырушы құрылым ретінде президенттің жоғары деңгейдегі кездесулерін қамтамасыз етуі тиіс.
Алайда дәл осы жолы дипломатиялық дайындықтың әлсіздігі сезілді. Жүзбе-жүз кездесудің болмауы елшіліктің де, министрліктің де стратегиялық кемшілігін аңғартты. Естеріңізге сала кетейік, Тоқаевтің ҚХР сапары кезінде де мемлекет басшысына Ким Чен Ынның қасынан орын тиюі — сөзбен айтылмаса да дипломатия тілінде сәтсіздіктің белгісі болмақ.
Ішкі кадрлық ауыс-түйіспен байланысы
Сапардан кейін ел ішінде бірқатар кадрлық ауыс-түйістер жасалды. Бұл – кездейсоқтық емес. Көп жағдайда халықаралық сапарлардан кейін ішкі саяси ортада да өзгерістер орын алады. Сарапшылардың пікірінше, Тоқаевтың АҚШ-тағы сапары экономикалық, ЖИ және технологиялық инвестиция тұрғысынан тартымды болғанымен, дипломатиялық сәтсіз тұстар елдегі ұйымдастырушы корпусқа жаңа талап қойып, жауапты тұлғалардың орындарын босатуына түрткі болған деуге негіз бар.
Астарлы сигналдар
Вашингтонға жіберілген белгі: Қазақстанның геосаяси басымдықтарында әлі де нақты стратегия жетіспейтіні байқалды.
Аймақтық бәсеке: Өзбекстанның дипломатиялық белсенділігі Трамппен кездесуді қамтамасыз етіп, аймақтық имидждік тұрғыда Астананы көлеңкеде қалдырды.
Ішкі элитаға бағытталған сигнал: Тоқаев халықаралық деңгейдегі олқылықтарды кадрлық шешімдер арқылы түзетуге ниетті екенін көрсетті.
Тоқаевтың екі күндік АҚШ сапары сырттай қарағанда қарапайым іссапар болып көрінгенімен, оның артында үлкен саяси сабақтар жатыр. Біріншіден, қазақ дипломатиясының әлсіз тұсы ашылды. Екіншіден, аймақтағы бәсекелес Өзбекстанның белсенділігімен салыстырғанда Қазақстанның қадамдары әлсіз көрінді. Үшіншіден, сапар нәтижесі ішкі кадрлық ауыс-түйістерге ықпал етті.
Бұл жағдай Қазақстан үшін жаңа дипломатиялық стратегияның қажеттілігін айқындайды. Әйтпесе, халықаралық аренадағы абыройға тек көршілермен салыстырғандағы айырмашылық емес, ұтылған мүмкіндіктер де әсер ететіні анық.
Мейіржан Әуелханұлы, журналист