Фото: Жібек жолы
Соңғы күндері әлеуметтік желіде «Келінжан» телехикаясы қызу талқыға түсті. Желі қолданушыларының басым бөлігі 6 жыл бойы түсіріліп келе жатқан сериалдың көрерменге берер мазмұны азайғанын, кейіпкерлері дамымай, оқиға желісі бір орында тұралап қалғанын сынға алды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Бұл пікірді алғашқылардың бірі болып жазушы Ажар Момбек ортаға салды. Оның айтуынша, сериалдағы басты кейіпкерлердің тағдыры мен әрекеттерінде ешқандай алға жылжу байқалмайды:
-
Балқия әлі күнге дейін Мәдібектің баяғы қылығымен алысып жүр;
-
Айсара сол баяғы образынан өзгермеген;
-
Асылымның қаладағы оқуы алты жыл бойына аяқталмай келеді;
-
Ауыл әкімі мен мектеп директорлығындағы тартыстар да қайталана береді.
«Кейіпкерлерінде даму жоқ. Продюсерде де! Оны езеуреп подкасттарда мақтаныш ете беру — шығармашылық тоқырауды көрсетеді. Қазақилықты дәріптейді дейді, бірақ ауыл өмірі мүлдем басқаша», – дейді сыншы.
Көрермендер сынының тағы бір себебі – «Келінжанның» мемлекет қаржысына түсірілуі. «Хабар» арнасы арқылы эфирге шығатын сериалға жыл сайын қомақты қаражат жұмсалады. Алайда оның идеологиялық мәні де, әлеуметтік ой салатын мазмұны да жоқ деген пікірлер жиі айтылып жүр.
«Алты жыл бойы бір сарыннан шықпайтын, сыңаржақ дүниені кімге керек түсіріп жүр?», – дейді әлеуметтік желі қолданушылары.
Сериал авторлары қазақы ауылдың тұрмысын көрсетуге тырысқанымен, көпшілікке ол жасанды көрінеді. Ауылдағы қазіргі өмірді нақты көрсету үшін продюсер мен режиссердің ауылға жиі барып, заманауи өзгерістерді зерттеуі қажет деген ұсыныстар айтылып жатыр.
Қорытындысында, «Келінжан» төңірегіндегі даудың өзі қоғамның отандық сериалдарға деген талғамының өскенін көрсетеді. Көрермен сапалы сценарий мен ой салатын идеяны күтеді. Ал көп жылдық тоқырауға ұшыраған жобаға қомақты қаржы бөлу – ашық сұрақ күйінде қалып отыр.